«Берденовке атылған оқ»: Полицейлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылған қару Астанада есептен шығарылған болып шықты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұл жағдайды немқұрайлықтың салдары деп атап, қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Мәжіліс кулуарында журналистер қару Астанада есептен шығарылғанымен, Шымкенттен табылғанын жеткізді. Сәденов мұны жанама түрде растады және мұндайға полицейлердің салғырттығы себеп болғанын атап өтті.
"Иә, өкінішке қарай, мұндай жайттар болды. Біреу сатып жіберді деген емес, (полиция қызметкерлерінің – еск.) немқұрайлы қарауы себеп болды. Қылмыстық іс қозғалды, тергеу барысында осының бәрін анықтап, барлық сұраққа жауап береміз: кінә кімде, кім сатқан", – деді министр.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Соңғы жаңалықтар





