Бір кресло – 20 миллион теңге: Шымкенттегі университетте қаржы жымқыру дерегі әшкереленді

19.01.2026 10:22 Арман Ермеков Арман Ермеков
Бір кресло – 20 миллион теңге: Шымкенттегі университетте қаржы жымқыру дерегі әшкереленді
0
244
ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу жұмыстарын тәмамдады, деп хабарлайды Politico.kz

Шымкенттегі іргелі оқу орны – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде мемлекет қаржысын жымқырудың дөрекі схемасы әшкереленді. Тергеушілердің жағасын ұстатқан дерек: университет басшылығы нарықтағы бағасы небәрі 200 мың теңге тұратын бір ғана креслоны құжат жүзінде 20 миллион теңгеге сатып алған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жүргізген тергеу нәтижесінде бір топ лауазымды тұлға жауапқа тартылуда. Олардың қатарында:

  • Университеттің бұрынғы бірінші проректоры;
  • Қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары;
  • Өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі;
  • Мердігер ұйымдардың басшылары бар.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер өзара сөз байласып, мемлекеттік сатып алу конкурстарын «бармақ басты, көз қысты» әдісімен өткізген. Олар тауарларды нарықтан бірнеше есе қымбат бағамен алды деп көрсеткен, ал кей жағдайда тауар мүлдем жеткізілмеген.

Қылмыстық топтың «тәбеті» осымен шектелмеген. Байланысы бар жеке кәсіпкерлер мен фирмалардың шотына аударылған қомақты қаржы кейіннен қолма-қол ақшаға айналдырылып, қатысушылар арасында бөліске түскен.

Нақты тауардың жоқтығын жасыру үшін университет қоймасындағы ескірген, тозған мүліктерді баланстан шығарып, оларды жаңа деп көрсету арқылы көзбояушылық жасаған. Яғни, қағаз жүзінде жаңа жабдық алынғанымен, іс жүзінде ештеңе келмеген.

Осындай қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 321 миллион теңгені құрады.

Тергеу қысымымен күдіктілер 264 миллион теңгені өз еркімен мемлекет қазынасына қайтарды. Дегенмен, соттың санкциясымен олардың мүлкі бұғатталды:

  • 4 тұрғын үй;
  • 1 автокөлік;
  • Банк шоттарындағы 40 миллион теңге.

Қазіргі таңда тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Соңғы нүктені сот қояды.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий