«Бір-екі адам көз жұмғанын естідім». Бота Миа қандай ота жасатқанын айтты

21.09.2026 13:16 Томирис САҒЫНДЫҚ
«Бір-екі адам көз жұмғанын естідім». Бота Миа қандай ота жасатқанын айтты
99
Фото: instagram.com/bota_mia

Танымал блогер Бота Миа өзі жасатқан пластикалық оталардың тарихы, эстетикалық хирургияның қауіп-қатері мен медициналық манипуляцияларға жауапкершілікпен қарау мәселесі туралы ашық айтты. Ол өзінің жеке тәжірибесін бөлісе отырып, оқырмандарына медициналық араласуларға жеңіл-желпі қарамау керектігін ескертті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Бота Миа НТК арнасының «Не дейді?» бағдарламасында айтып берді.

Бота Миа сырт келбетіндегі өзгерістерге тоқталып, өзіне жасалған оталар мен олардың себептерін баяндады.

«Үш жыл бұрын мұрныма ринопластика жасаттым. Ол, ең алдымен, әдемілік үшін жасалды, өйткені мұрнымда кішкене дөңес бар еді. Сол нәрсе мен үшін үлкен комплекс болатын. Бірақ оны ешкім байқамайтын, бәрі керісінше: «Мұрның қандай әдемі, ерекше екен!» деп комплимент айтатын. Тікелей келіп: «Мұрның мындай екен» деп ешкім айтпайды ғой. Одан кейін дене пішінін түзету (коррекция фигуры) болды. Сосын көзіме де ота жасаттым, бірақ ол бұл тізімге саналмайды», – деді Бота Миа.

Сондай-ақ блогер пластикалық оталардың денсаулыққа төндіретін қауіп-қатеріне тоқталып, өзгелерді еліктеушіліктен аулақ болуға шақырды.

«Бірде, естеріңізде болса, осы тақырып бойынша маған: «Сұқбат бересіз бе?» деп бір бағдарламадан хабарласқан еді, мен мүлдем бас тарттым. Өйткені, иә, бұл ота маған сәтті өтуі мүмкін, бірақ мен өзгелерге «керемет болып кетеді» деп айта алмаймын. Себебі соңғы кезде бұл отаның кесірінен көз жұмған бір-екі адам туралы естідім... Сол себепті дәрігермен ақылдаспай, бұндай нәрсені біреуге еліктеп немесе қызығып жасау – мүлдем дұрыс емес», – деді блогер.

Бота Миа дәрігерлерді әлеуметтік желіде жарнамалаудан бас тарту себебін түсіндіріп, мұндай қадамның аудитория алдындағы жауапкершілікпен байланысты екенін жеткізді.

«Мен негізі бұл туралы айтпайтынмын. Біреулер оны «комплексі болғандықтан айтпайды» деп ойлауы мүмкін. Керісінше, мен: «Қазір дәрігерді белгілеп жарнамаласам, ол маған отаны жақсы жасауы мүмкін, ал басқа біреуге, Құдай сақтасын, дұрыс жасамаса немесе қанына май өтіп кетсе, адам содан қайтыс болуы мүмкін ғой» деп ойладым. Сол үшін айтпауға тырысатынмын. Ал қазір жасырып қалсам, өтірікші болып көрінемін, сонда да бұны ешкімге кеңес бермеймін», – деді Бота Миа.

Сөзін қорытындылай келе, медиаөкілі болашақта тек қажеттілік туындаған жағдайда ғана дене пішінін қалпына келтіру процедураларына жүгінуі мүмкін екенін атап өтті.

«Болашақта бала босанғаннан кейін, мүмкін, дене пішінін қалпына келтіру үшін тартып-созу сияқты жеңіл-желпі процедураларды міндетті түрде жасайтын шығармын», – деді блогер.

Войдите, чтобы оставить комментарий