"Біз еркекпіз ғой": Досын құтқарамын деп өзенге кеткен 8 жасар баланың денесі табылды
Ингушетияда Сунжа өзеніне құлаған досын құтқарамын деп ағысқа кеткен 8 жасар Хизир Дербичевтің денесі сегіз күннен кейін табылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Ресми мәліметке сүйенсек, құтқарушылар марқұмның денесін 22 маусым күні жергілікті уақытпен 16:50 шамасында тапқан. Осыдан кейін төтенше жағдайлар министрлігі іздестіру жұмыстарының толық аяқталғанын мәлімдеді. Сол күні мыңдаған адам баланы ақтық сапарға шығарып салып, қала көшелерінде үлкен көлік кептелісі пайда болған.
БАҚ-тағы ақпаратқа сәйкес, оқиға 15 маусымда тіркелген. Хизир екі досымен бірге өзен жағасында жүргенде, Адам есімді бала суға құлап, ағаш тамырына жармасып үлгереді. Сол сәтте Хизир оған көмектесуге ұмтылған, алайда қатты ағыс оны өзімен бірге алып кеткен.
Үшінші бала дереу үлкендерді шақыруға жүгіріп, нәтижесінде Адамды аман алып қалу мүмкін болды. Желі қолданушылары кішкентай батырдың ересек адамша әрекет етіп, қорықпастан көмекке ұмтылғанын жазды.
"Кеттік, біз еркекпіз ғой, құтқарайық", – деді Хизир өзенге секірер алдында қасындағы жолдасына қарап.
Жасөспірімді іздеу операциясына мыңдаған құтқарушылар мен тұрғындар жұмылдырылды. Олардың қатарында Шешенстан, Дағыстан, Солтүстік Осетия, Қабарды-Балқар және Қарашай-Шеркес аймақтарынан арнайы келген еріктілер де бар. Олар өзен арнасы мен жағалауды түгелдей қарап шыққан. Дегенмен жауған жаңбырдың салдарынан су деңгейі көтеріліп, қатты ағыс іздеу жұмыстарын айтарлықтай қиындатқан еді.
Ингушетия басшысы Махмуд-Али Калиматов батырдың отбасына көңіл айтып, іздеу жұмыстары үшін мыңдаған еріктіге алғысын білдіріп, бұл іс өңірлерді біріктіргенін атап өтті.
Қазіргі уақытта құзыретті органдар оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.
Соңғы жаңалықтар