Блогер Нұрсұлтан Жақсыген 3 жылға түрмеге қамалуы мүмкін
Әлеуметтік желіде журналист Руслан Өтепбай блогер Нұрсұлтан Жақсыген мен оның бұрынғы жұбайы Фариза Алмасқызы арасындағы сот процесінен видео жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Сот отырысында Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы жұбайын балағаттаған пікірлерді өзі жазбағанын мәлімдеп, өзіне тағылған айыпты жоққа шығарды.
«Жоқ, құрметті сот. Ол пікірлерді мен жазған жоқпын. Бүгінге дейін өз парақшама кіре алмай жүрмін», – деді блогер.
Ал Фариза Алмасқызы даулы пікірлердің авторы Нұрсұлтан Жақсыген екеніне сенімді екенін айтты. Оның сөзінше, блогердің жеке хабарламалары да бар және ол барлық дәлелді сотқа ұсынған.
«Оның маған жеке жазған хабарламалары бар. Барлығын сотқа тапсырдым. Ол өзіне тиісті жазасын алады деп сенемін. Нақтырақ айтсам, бас бостандығынан айырылғанын қалаймын», – деді Фариза Алмасқызы.
Сот барысында прокурор Нұрсұлтан Жақсыгенге тағайындалуы мүмкін жазаға қатысты түсініктеме берді.
«Тәртіп бұзушыға 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе дәл сондай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін», – деді прокурор.
Блогерге қатысты сот отырысы келесі аптада жалғасады.
Соңғы жаңалықтар