БҚО-да 25 жылдан кейін анасы жоғалған қызымен табысты

БҚО-да 25 жылдан кейін анасы жоғалған қызымен табысты
02.09.2025 21:01
0
84
Фото: Видеодан скрин

Батыс Қазақстан облысында ерекше оқиға болды: 25 жыл бұрын перзентханада шетінеп кетті деп хабарланған қызын анасы тірідей кездестірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ агенттігі «Уральская неделя» басылымына сілтеме жасап.

Оқиға 2000 жылы орын алған. Ақжайық ауданынан келген 27 жастағы Карлығаш жоспарлы кесар тілігі үшін Оралдағы №3 перзентханаға жеткізіледі. Дәрігерлер наркоздан оянған әйелге баласы жатырда шетінеп кеткенін айтып, өлі нәрестені көрсеткен. Жас отбасы оны жерлеген.

Алайда арада ширек ғасыр өткенде шындық ашылды. 2024 жылдың қарашасында Карлығашқа белгісіз нөмірден қоңырау шалынып, қызының тірі екені және АҚШ-та тұратыны хабарланған. Әуелде сенбеген әйел қызымен тікелей сөйлескен соң ғана күмәні сейілді.

Құжат рәсімдеу бірнеше айға созылып, ақыры 2025 жылдың 28 тамызында Оралда ата-анасы қызын алғаш рет құшағына алды. Бүгінде ол АҚШ-та магистратура бітірген, психолог мамандығы бойынша жұмыс істейді.

Қызын табуға америкалық асырап алушылар сақтап келген нәрестенің перзентханада берілген биркасы көмектескен.

Туыстарының айтуынша, іс бойынша №3 перзентхананың бас дәрігері, медбикесі және АХАТ қызметкері күдікті ретінде тергелуде. Бірақ 25 жыл бұрынғы туу туралы мұрағаттық құжаттар сақталмаған. Күдіктілер әйел қызынан ресми түрде бас тартты деп көрсеткенімен, Карлығаш бұл деректі жоққа шығарып отыр.

Ана мен қыздың табысқан сәтін құқық қорғаушы Лейла Оңлаш әлеуметтік желіде жариялады. Оның айтуынша, мұндай қылмыс бір адамның ісі емес, ұйымдасқан жүйенің әрекеті болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта БҚО полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Іс департамент басшылығының бақылауында. Тергеу аяқталған соң заң аясында шешім қабылданатыны айтылды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий