БҚО-да мектептің бірінде оқушыны пышақтап кетті

Батыс Қазақстан облысында жергілікті мектептегі оқушылардың жанжалы пышақ жарақатымен аяқталды. Оқу-ағарту министрлігі мен облыстық полиция департаменті қанды оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Halyqstan Telegram-каналында Теректі ауданындағы мектептердің бірінде жасөспірімнің пышақ жарақатын алғаны туралы ақпарат жарияланды. Подстепное ауылы тұрғындарының айтуынша, екі оқушы дәретхананың қасында сөзге келіп, артынан біреуі екіншісіне пышақпен шабуылдаған.
"Жанжал жұма күні басталған. Күзгі бал кезінде ұлдар сөзге келіп қалған. TikTok-қа, лүпілдерге қатысы бар болса керек. Бірақ сол кездегі мәселені енді ғана түбегейлі шешуді ұйғарған шығар. Мектепке пышақ алып келген бала тұрмысы нашар отбасыдан шыққан. Пышақ жарақатын алған оқушы жедел жәрдем көлігіне өзі барып отырды. Оны алып кетті", - деді ауыл тұрғыны.
Оқиғаға қатысты өңірлік ПД өкілдері пікір білдіріп, бұзақылық әрекеттерге байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қазіргі уақытта аталған факт бойынша болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті – кәмелетке толмаған оқушы ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылатын болады.
Материалдар қосымша шаралар қабылдау және осындай құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептерді жою үшін аудан әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жіберілді. Қылмыстық істі тергеу барысы Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында", - деді полицейлер.
Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері зардап шеккен оқушыға медициналық көмек көрсетілгенін және қазір жағдайы тұрақты екенін жеткізді.
"Зардап шеккен оқушыға медициналық көмек көрсетілді, оның жағдайы - тұрақты. Оқиға орнында Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілмен бірге білім басқармасының мобильді тобы жұмыс істеуде. Мектеп әкімшілігімен, ата-аналармен және оқушылармен жұмыс жүргізілуде. ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі, яғни "Бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Пышақ жұмсаған жасөспірім ұсталды. Материалдар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды", - деді Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеттің төрайымы Насымжан Оспанова.
Соңғы жаңалықтар





