Бүгін 2 бала мен әйелді қағып өлтірген мұғалімге үкім шықпақ

07.09.2026 05:48 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Бүгін 2 бала мен әйелді қағып өлтірген мұғалімге үкім шықпақ
393
Коллаж Politico.kz

Өткен аптада Түркістан облысының Арыс қаласында мас күйде көлікпен үш адамды қағып өлтірген 52 жастағы мұғалімге қатысты сот жарыссөзі өтті. Прокурор айыпталушыны 10 жылға соттауды сұрады. Алайда оның кәмелетке толмаған қызы бар болғандықтан, жазаны өтеуді бір жылға шегеруді ұсынды. Бұл туралы сот отырысы барысында белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Жетінші арнаға» сілтемемен.

Марқұмдардың туыстары мұндай жеңілдікке үзілді-кесілді қарсы. Олар кінәлі әйелге ешқандай кешірім бермейтінін айтып, соттан оны қатаң жазалауды талап етті. Атышулы іс бойынша түпкілікті үкім бүгін, 7 қыркүйекте шығады деп күтілуде.

Мемлекеттік айыптаушы Ақжарқын Оразбай сотталушыны өмір бойы көлік басқару құқығынан айыруды сұрады. Ол Қылмыстық кодекстің 58-бабы 2-бөлігіне сәйкес жаза тағайындау қажеттігін атап өтті.

«Асырауында 14 жасқа толмаған қызының бар болуына байланысты тағайындалған жазаның орындалуын 1 жылға кейінге қалдыруды сұраймын», – деді прокурор.

Сотталушы Бибінұр Қасымова болған жағдайға өкінетінін жеткізді. Жергілікті мектептердің бірінде қазақ тілінен сабақ беретін әйел марқұмдардың отбасынан кешірім сұрады. Ол мүмкіндігі шектеулі қызы бар екенін алға тартып, судьядан жеңіл жаза беруді өтінді.

Қайғылы оқиға биыл 6 маусымда болған еді. Мас жүргізуші ауласында бейқам отырған екі отбасыны қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Салдарынан үш адам сол жерде көз жұмды.

Қаза тапқандардың бірі – 29 жастағы балабақша тәрбиешісі Айшолпан Шәріпбек. Жүкті келіншек өзінің 2 жасар ұлымен бірге құлаған қоршаудың астында қалып қойған. Оның артында кәмелетке толмаған үш ұлы жетім қалды. Сонымен қатар көршінің 5 жастағы қызы да үйінді астында жан тәсілім етті.

Апат кезінде тағы үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға түсті. Олардың арасында оқиға орнында көз жұмған 5 жасар қыздың анасы, 30 жастағы Дана Үсімбек пен оның бір жарым жастағы сәбиі бар. Сот жарыссөзінде ауыр жарақаттан мүгедек болып қалған әйел көз жасына ерік берді.

«Өсіріп, бағып отырған перзентімізден айырылып отырмыз, өзім мүгедек болдым. Менің және баламның денсаулығы қайтадан орнына келмейді. Марқұм қызымды мектепке жетектеп апаратын шағында басына құран бағыштауға барып жүрмін», – деді жәбірленуші Дана Үсімбек.

Войдите, чтобы оставить комментарий