«Бұрын болмаған екінші кілт табылды»: Қарабалиндер ісінде тың дерек жария болды

29.05.2026 15:48 Мөлдір Қайнар
«Бұрын болмаған екінші кілт табылды»: Қарабалиндер ісінде тың дерек жария болды
1838
Фото: tengrinews.kz

Атырау облысындағы Қарабалиндер отбасының қазасына қатысты атышулы іс бойынша сотта марқұм Мақсот Қарабалиннің жиені Фаризат Кенжеғалиева жауап берді. Ол тергеуден кейін өзінде күмән тудырған бірнеше жайтты жария етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Фаризат Кенжеғалиеваның айтуынша, тергеу аяқталғаннан кейін марқұмдардың үйінің кілті өзіне берілген. Содан бері ол үйге күнделікті барып жүрген. Алайда бір күні үйден бұрын-соңды болмаған екінші кілттің табылуы оның күдігін күшейткен.

«Тергеу аяқталған соң кілтті маған тапсырды. Мен күн сайын сол үйге барып жүрдім. Бір күні түстен кейін екінші кілт пайда болды. Оны кім әкелді? Бұрын ондай кілт мүлде болмаған. Барлығы бір ғана кілтпен кіріп-шығатын. Полицейлердің өзі алғашында үйге есікті бұзып кіріп, кілтті ішінен тапқан еді», – деді куәгер сотта.

Оның сөзінше, қайғылы жағдай болған үйде қонақ күтуге дайындық жүргізілгендей әсер қалған. Себебі Наурыз Мұқанғалиев туыстарына күйеубаласының отбасымен қонаққа келетінін хабарлаған.

«Ағам мал сойып, ет дайындап қойған. Қонақ күтуге қамданған. Осындай жағдайға қалай барғанын әлі күнге дейін түсіне алмаймын», – деді ол.

Куәгердің айтуынша, отбасы жоғалғаннан кейін үйдің іші ерекше тазалығымен көзге түскен.

«Үйге кіргенде бәрі рет-ретімен тұрғанын көрдік. Үй иелері аз ғана уақытқа шығып кеткендей әсер қалдырды. Барлық ыдыс жуылған, үй жиналған. Сойылған еттің бір бөлігі тоңазытқышқа салынып қойылған», – деді Фаризат Кенжеғалиева.

Сондай-ақ ол Сұлтан Сәрсемәлиевтің Наурыздың телефонын пайдаланып, туыстарымен хат-хабар алмасқан болуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, осылайша жақындарының күдігін сейілтіп, оларды адастыруға тырысқан.

«Мен алғашқы күннен бастап ағамның үйінде болдым. Ағам мен жеңгемнің мәйіті табылған кезде де сол жерде жүрдім», – деді куәгер.

Войдите, чтобы оставить комментарий