CNN: Путин АҚШ президенттерін бірінен соң бірін жеңді

CNN: Путин бірнеше америкалық президенттерді айласымен басып озды. Трамп - солардың соңғысы, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Аналитикалық материал авторы - CNN International аға тілшісі Ивана Коттасова.
Дональд Трамп әкімшілігінің Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келісімге келу әрекеттері қарқынды дипломатиялық қадамдарға қарамастан тығырыққа тірелді. Трамп Ақ үйге оралғалы бері Путинмен бірнеше рет ұзақ телефон арқылы сөйлесіп, өкілі Стив Уиткоффты Мәскеуге жіберген. Алайда бұл кездесулер нәтиже бермеді, керісінше Уиткофф Кремльдің негізгі тезистерін қайталап оралды.
CNN дереккөздерінің хабарлауынша, АҚШ-тың соңғы ұсынысына Ресейдің Қырымды бақылауын мойындау кіреді — бұл Украина мен Еуропа одақтастары үшін «қызыл сызық».
Сарапшы Анжела Стенттің айтуынша, келіссөздер тек Путиннің пайдасына жүруде. «Ол соғысты тоқтатуды көздеп отырған жоқ, тек АҚШ-пен дипломатиялық қарым-қатынасты қалпына келтіруді мақсат еткен», – дейді ол.
New Eurasian Strategies Centre сарапшысы Джон Лаф Путиннің уақытты созу тактикасын қолданатынын және Вашингтон арқылы Киевті Ресей шарттарымен бейбіт келісімге көндіруге тырысатынын атап өтті.
CNN пікірінше, Трамп әлемді Путин секілді – ірі державалар үстемдік ететін орта ретінде көреді. Тіпті Трамп Украина болашақта Ресейдің бір бөлігіне айналуы мүмкін екенін де айтқан.
Лаф Путиннің КГБ-да алған тәжірибесі оның келіссөз жүргізу шеберлігін қалыптастырғанын атап өтті. Калин Жекова Путиннің дипломатияны жеңімпаздар мен жеңілгендер ойыны ретінде қарайтынын және Трамптың эгосын тиімді пайдаланғанын айтты.
Путиннің дипломатиялық тактикасына қарсыластарын ұзақ күтуге мәжбүрлеу, психологиялық қысым және ұсақ-түйекке саудаласу жатады. Стив Уиткоффтың саясатта тәжірибесі жоқ екенін ескерсек, оның Путинмен келіссөздерде табысқа жетуі екіталай.
Сарапшылардың айтуынша, Трамп әкімшілігі Украинаға көмек көлемін арттыруға дайын емес және басты мақсаты – АҚШ-ты Украинадан шығару және Ресеймен қарым-қатынасты тұрақтандыру.
CNN Ресейдің соңғы апталардағы шабуылдары АҚШ-тың ықпал ету тетіктері шектеулі екенін көрсетеді дейді.
Трамп Ресеймен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысқан алғашқы президент емес. Бұған дейін Джордж Буш, Билл Клинтон және Барак Обама да осындай қадамдар жасаған, бірақ олардың әрекеттері де сәтсіз аяқталды. Сарапшылардың пікірінше, басты мәселе – АҚШ пен Ресей бір-бірін дұрыс түсінбейді және стратегиялық серіктестікке қол жеткізу ешқашан шынайы болмаған.
Томас Грэмнің айтуынша, АҚШ пен Ресей әрдайым күрделі әрі бәсекелі қатынаста болады. Ресей Еуропа қауіпсіздігіне, Украинаға және Батыспен бәсекелестікке мүдделі болып қала береді.
Соңғы жаңалықтар





