"Да вы что?": Қорғаныс министрлігі Қосановтың күлген видеосына түсініктеме берді
Каспийде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін желіде қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың күліп жауап берген видеосы қайта тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Қорғаныс министрлігі жазбаның былтыр түсірілгенін, оның қазіргі қайғылы оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Бұл видео туралы БАҚ 2025 жылғы 20 қарашада жазған. Сол кезде Ulysmedia.kz тілшісі министрден әскердегі жас қазақстандықтардың қазасы туралы сұраған. Қосанов күліп алып, «Да вы что?» деп жауап бергеннен кейін сол уақытта әскерде өлім тіркелмегенін айтқан.
Министрдің сол кездегі сөзінше, наразылыққа шыққан аналардың балаларына қатысты оқиғалар 2020–2023 жылдары болған. Ол аналарды қабылдап жатқанын, олардың талаптары тергеуге байланысты екенін жеткізген.
Бұған дейін, 2025 жылғы 10 қарашада әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары Үкімет үйінің алдына жиналып, реформа талап еткен еді.
Ал қазір министрліктің баспасөз қызметі Дәурен Қосановтың журналист сұрағына берген жауабы тараған видеода толық көрсетілмегенін алға тартып отыр.
«Бұл бейнежазба өткен жылы түсірілген және Каспийдегі қазіргі қайғылы оқиғаға еш қатысы жоқ», деп түсіндірді ведомство.
Министрлік архивтегі видеоны мәнмәтінінен бөліп, соңғы оқиғамен байланыстырмауға шақырып, ел аза тұтып жатқанда ақпарат таратуға жауапкершілікпен қарап, марқұмдардың жақындарына құрмет көрсетуді сұрады.
Еске сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде ауа райы бұзылып, жел күшейгенде әскери қызметшілерді Каспий теңізіне алып кеткен. Қаза тапқан 14 әскери қызметші 2003–2007 жылдар аралығында туған.
Соңғы жаңалықтар