«Дамыған логистика болмаса, тіпті күшті ел ертең құрдымға кетеді»: Тоқаев көлік инфрақұрылымын дамытуды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мемлекеттің өсіп-өркендеуіне тікелей әсер ететін негізгі фактор екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Президент әлемдік көлік жүйесіндегі құрлық дәліздерінің стратегиялық маңызына тоқталып, Қазақстанның осы мүмкіндікті толыққанды пайдалануы қажеттігін ескертті.
«Қазіргі таңда логистика мәселесімен барлық елдер айналысуда. Дамыған көлік логистикасы болмаса, тіпті, бүгінгі күшті ел ертең құрдымға кетеді. Келесі жылы елімізде «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылады. Жаңа бағыттың арқасында Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. Тамыз айында «Арал – Каспий» күре жолының құрылысы басталды. Бұл жоба Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтады», — деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының мәліметінше, қазір Қытайдан Еуропаға жөнелтілетін жүк тасымалының 85 пайызға жуығы Қазақстан арқылы өтеді. Алайда ол тек қазіргі жетістікпен шектеліп қалу болашақта көш соңында қалдыратынын баса айтты. Үкіметке барлық көлік жобаларының сапалы әрі мерзімінде орындалуын қатаң бақылауға алу жүктелді.
Сондай-ақ Тоқаев елдің транзиттік әлеуетін толық жүзеге асыру үшін Қазақстан халықаралық жүк ағындарын толыққанды ұйымдастырушы деңгейіне көтерілуі тиіс екенін жеткізді. Осы орайда отандық логистикалық операторларды дамыту, жүктерді шоғырландыру және тарату орталықтарын ашу, сондай-ақ ірі көлік тораптары маңында жаңа өндіріс орындары мен сауда инфрақұрылымын қалыптастыру басты міндет ретінде айқындалды.
Соңғы жаңалықтар