Президент 2027 жылды жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады

Президент 2027 жылды жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады
Фото: Depositphotos.com

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдауында 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Келесі жылы еліміздің барлық өңірінде жолдар, әуежайлар, вокзалдар, ауруханалар мен әлеуметтік нысандардың құрылысын бастау көзделіп отыр.

Президенттің айтуынша, келесі жылы әр облыс орталығында, аудандар мен елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу жұмыстарына кірісу қажет.

Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен денсаулық сақтау мекемелерін салуға басымдық беріледі. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарын ашу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірінде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтеруі керек. Тұрғын үй құрылысы да маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

Тоқаев жасанды интеллект дәуірінде елдің дамуы нақты іспен және ауқымды жобалармен жалғасуы керектігін атап өтті.

«Осылайша, жасанды интеллект дәуірінің жақындап келе жатқанына бүкіл халық болып беретін ортақ жауабымыз – құрылыс салу, тағы да құрылыс салу» – деді президент.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу