Данияр Мейірханға қатысты жыныстық бопсалау бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды
Жұмыстан уақытша шеттетілген Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірханның адвокаты Алия Жаманбаева оның ісіне қатысты бірқатар мән-жайды жария етті, деп хабарлайды Politico.kz.
Адвокаттың айтуынша, Данияр Мейірханға қатысты жынысты бопсалау бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды.
«Қорғауымдағы тұлғаның мүддесін көздей отырып, Данияр Мейірханға қатысты жыныстық қысым көрсету айыбы бойынша қылмыстық іс заңнамада белгіленген тәртіппен тоқтатылды. Бұл шешім – қабылданған процессуалдық актілер шеңберінде түпкілікті шешім. Ең маңыздысы – дәл осы жәбірленушінің менің қорғауымдағы адамға жолдаған хаттарының скриншоттары сақталған. Сондықтан бұл жерде кімнің кімді қудалағаны әлі де даулы», – деп жазды адвокат Әлия Жаманбаева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, бұған дейін таралған «20 қызметкер шағым түсірді» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ адвокат адамның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіруі мүмкін жалған мәліметтерді тарату заң бұзушылық екенін және ол үшін жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.
«Ұялы телефонға қатысты жағдай бойынша айтар болсақ, құрылғы Мейірханның жеке қаражатына сатып алынған», – деп толықтырды Жаманбаева.
Тексеру шаралары жалғасуда.
«Данияр Мейірхан – құқық қорғау органдарының қазіргі қызметкері, ол ұзақ жылдар бойы принципті әрі қатаң күрес жүргізіп келеді. Біз оны қаралауға бағытталған әрекеттердің тапсырыспен ұйымдастырылғанына сенімдіміз. Данияр Мейірхан әрдайым заң талаптарына сай әрекет етеді және оның негізгі мақсаты – қылмыспен күрес», – деп түйіндеді адвокат.
Данияр Мейірхан кім?
Данияр Мейірхан – полиция полковнигі. 2012-2022 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде бөлім бастығынан бастап басқарма бастығына дейінгі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды.
2023 жылдан 2024 жылға дейін ІІМ Қостанай академиясында бөлім бастығынан бастап академия бастығының орынбасарына дейінгі қызметтерді атқарды.
2024 жылдың қыркүйегінен бастап - ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары.
2024 жылдың желтоқсанынан бастап - Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы.
2025 жылдың қыркүйегінен бастап - ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы.
Істің мән-жайы
Бұған дейін желіде Астанада Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірханға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Оның үстінен қол астындағы 20 қызметкерден ұжымдық арыз түскені хабарланды. ІІМ осыған байланысты тексеру бастады.
Данияр Мейірхан қызметтік тексеру кезінде қызметінен шеттетілді.
Соңғы жаңалықтар