Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі болып қалды

03.09.2026 09:13 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Дәурен Қосанов Қорғаныс министрі болып қалды
457
Фото: gov.kz

Дәурен Қосанов Қазақстанның қорғаныс министрі қызметін сақтап қалды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Мемлекет басшысының жарлығымен Дәурен Жұматайұлы Қосанов Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорданың хабарламасында.

Ол бұл ведомствоны 2025 жылдың 8 маусымынан бері басқарып келеді.

Дәурен Қосанов кім?

Дәурен Жұматайұлы 1969 жылы 14 қазанда Павлодар облысы Краснокут ауданындағы Новотроицкое ауылында туған. Ол үш жоғары әскери оқу орнын тәмамдаған. 1990 жылы Армавир жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесін бітірді. Кейін 2005 жылы Ю.А. Гагарин атындағы Әскери-әуе академиясында, ал 2013 жылы Ресей Қарулы күштері Бас штабының әскери академиясында білім алды.

Министр еңбек жолын Үшарал истребительдік полкінде жойғыш-ұшқыш болып бастаған. Әр жылдары Талдықорған және Шымкент қалаларындағы авиациялық базалардың командирі болды. Одан кейін Қазақстан Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштерінде Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы қызметін атқарды. Сондай-ақ Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтын басқарған.

2022 жылдың желтоқсаны мен 2024 жылдың қыркүйегі аралығында Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы болды. Ал 2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың маусымына дейін осы қызметпен қатар қорғаныс министрінің орынбасары міндетін атқарды. 2025 жылдың 8 маусымында президент жарлығымен қорғаныс министрі лауазымына бекітілген еді.

Дәурен Қосановқа 2024 жылы авиация генерал-лейтенанты әскери атағы берілген. Ол қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейді. I және II дәрежелі «Даңқ», II дәрежелі «Айбын» ордендерімен, сонымен қатар «Жауынгерлік ерлігі үшін» және басқа да мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Войдите, чтобы оставить комментарий