Депутат жемқорлардың мүлкін туыстарынан алуды ұсынды

Сыбайлас жемқорлардың туыстарынан активтерді алу ұсынылды: Мәжіліс депутаты бас прокурорға хат жолдады
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов Бас прокурор Берік Асыловқа хат жолдап, жемқорлық әрекеттері арқылы заңсыз табылған мүлікті тәркілеу аясын айтарлықтай кеңейтуді - «кеңейтілген тәркілеу» институтын енгізуді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, жуырда Мәжілісте ақшаны жылыстатуға қарсы маңызды заң жобасы бірінші оқылымға шығарылады. Ол бұл заң жобасына халықаралық ФАТФ (ақшаны жылыстатуға қарсы күрес бойынша қаржылық шараларды әзірлейтін топ) ұйымы ұсынған 100-ден астам құқықтық нормалар мен түзетулер енгізген. Марат Бәшімовтің пікірінше, «кеңейтілген тәркілеу» институты біздің ел үшін ерекше маңызды, себебі «әлемде еш жерде мұншалықты көп ұрланбаған». Сондықтан ол осы мәселеде қолдау көрсету туралы өтінішпен Бас прокурор Берік Асыловқа хат жолдаған.
Көлеңкелі экономикамен және ақшаны жылыстатумен күресетін ФАТФ халықаралық ұйымының ұсынымдары іс жүзінде барлық елдердің заңнамаларына енгізілген. Олар мұнда «велосипед ойлап таппайды», тек ұсынылған нормаларды өз заңнамаларына қосады. Қазақстан бұрынғы саяси режим тұсында көлеңкелі экономикаға және ақшаны жылыстатуға қарсы күрес жөніндегі құқықтық нормаларды қабылдауға қатты қарсылық көрсеткен. Түрлі бағыттағы лоббистер, әсіресе олигархтар бұл процесті әдейі тежеді. Олар қазір де түрлі сылтаулармен осы әрекеттерін жалғастыруда.
Марат Бәшімов Қазақстан БҰҰ-ның Жемқорлыққа қарсы конвенциясын толық көлемде ратификациялағанына қарамастан, оның 20-бабында: «Қатысушы мемлекет қасақана жасалған жағдайда қылмыстық жазаланатын әрекет ретінде тану үшін қажет болуы мүмкін заңнамалық және басқа да шараларды қабылдау мүмкіндігін қарайды. Бұл заңсыз баю, яғни жария қызмет адамы активтерінің оның заңды кірістерінен айтарлықтай өсуі, оны ақылға қонымды түрде негіздей алмау» деп тікелей көрсетілгенін еске салды. Осы Конвенцияның 20-бабын іске асыру құралдарының қатарында кеңейтілген тәркілеу де тиімді қолданылады.
Депутаттың пікірінше, қазіргі уақытта осы норманың болмауына байланысты, активтер үшінші тұлғаларға қайта рәсімделгендіктен, көптеген адамдар қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруда. Олардың заңсыз табылған мүлкі толық көлемде тәркіленбейді, ал сотталған адам үшінші тұлғаларға, туыстарына, көңілдестеріне және т.б. қайта жазылған мүлкін тартып алмағанын біліп, түрмеде «тыныш отырады». Ол бұл активтер мен ақшадан бостандыққа шыққан соң ертең ләззат алатынына сенімді.
Заңнамаға енгізілетін «қылмыстық жолмен табылған мүлік және оған балама құны бар мүлік» деген терминнің ұғымы үшінші тараптардың меншігінде немесе иелігіндегі мүлікке де қолданылады, бірақ адал үшінші тараптардың құқықтарына нұқсан келтірместен. Мұндай мүліктердің мысалдары ретінде: айыпталушы немесе тергеудегі адамның іс жүзіндегі бақылауындағы, бірақ отбасы мүшелерінің, сыбайластардың немесе заңды тұлғалардың иелігіндегі мүлік; үшінші тұлғаға нарықтық құнынан айтарлықтай жоғары немесе төмен сомаға сыйға тартылған немесе берілген мүлік көрсетілген.
Кеңейтілген тәркілеу неғұрлым анық емес «алдыңғы қылмыстық іс-әрекет» нәтижесінде алынған активтерге бағытталған. ФАТФ ұсынғанындай, кеңейтілген тәркілеу кезінде активтер болжамды түрде алынған алдыңғы қылмыстық іс-әрекетке қатысты бөлек сот талқылауын және айыптау үкімін шығару қажет емес. Себебі, болжамды алдыңғы қылмыстық іс-әрекетті нақтылау талап етілмейді.
Ұсынылатын механизм келесідей: сотқа дейінгі іс жүргізу басталған тұлғаға өзінің қалған мүлкін сатып алуының заңдылығын дәлелдеу ұсынылады. Егер ол мұны дәлелдей алмаса, онда мүлік мемлекет пайдасына тәркіленуге жатады.
Бұдан бөлек, осы норманың қолданылу аясын субъект бойынша шектеу қажеттігі айтылды. Ол тек жекелеген санаттағы мемлекеттік және саяси қызметшілерге, сондай-ақ мемлекеттік ұйымдарда әкімшілік-басқарушылық және шаруашылық-өкімдік функцияларды орындайтын тұлғаларға ғана қолданылуы мүмкін.
Депутаттың қорытындылауынша, ақшаны жылыстатумен күрес бойынша көп жылдар бойы қабылданбаған барлық шараларды қабылдайтын уақыт жетті. Осылайша, бұл мәселеде нағыз әділеттілік ақыры салтанат құруы тиіс.
Дереккөз: Марат Башимов Facebook парақшасы
Соңғы жаңалықтар





