Яна Легкодимованың ісі: Сотқа қатыспаса да, әділ үкімге жеткізген тергеуші кім?

18.11.2025 21:28 Арман Ермеков
Яна Легкодимованың ісі: Сотқа қатыспаса да, әділ үкімге жеткізген тергеуші кім?
0
494
коллаж Politico.kz

Күні кеше Атырауда бүкіл ел назарын аударған атышулы сот процесі өз мәресіне жетті. 23 жастағы Яна Легкодимованы азаптап өлтірген қылмыскерлерге қатысты ең ауыр жаза тағайындалып, сот төрелігі орнады. Алайда, бұл әділ шешімнің артында сотқа мүлде қатыспаса да, қылмыстың барлық дәлелдерін тыңғылықты жинаған тергеушінің қажырлы еңбегі тұр, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот үкімімен Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов қоғамнан біржола аластатылды. Судья Зарема Хамидуллина айыптаушы тарап – прокурор Қайыржан Нұрбергеновтің ұстанымын толық қолдап, қос қылмыскерді өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Залда отырғандар бұл шешімді зор қошеметпен, қол шапалақтап қабылдады.

Көпшілік Салтанат Нүкенованың ісін еске алып, бұл жолы да үкім жұмсақ болар деп қауіптенген еді. Еске салсақ, ол істе Қ.Бишімбаевқа 24 жыл берілген болатын. Алайда Зарема Хамидуллина заңның ең қатаң талабын қолданды. Айта кетерлігі, бұл судьяның тәжірибесіндегі төртінші өмірлік жаза үкімі.

«Әр үкімнің артында жәбірленушілер мен сотталушылардың, олардың отбасыларының тағдыры мен қайғысы тұр. Өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімін оқығанда ішім удай ашиды, себебі адам тағдырына нүкте қойып тұрғанымды түсінемін. Қазір ел арасында мен туралы "өмір бойына қамайтын судья" деген пікір қалыптасқанын естимін. Бірақ бұл менің қатыгездігімнен емес, мемлекеттік саясаттың азаматтарды қорғауға бағытталғанынан. Өкінішке қарай, қатыгездікпен жасалатын кісі өлтіру деректері жиілеп кетті», — деді судья соттан кейінгі сұхбатында.

Сот төрағасының беделі бір күнде асқақтағанымен, қылмыстың түйінін тарқатып, айғақтарды инемен құдық қазғандай жинаған маман тасада қалғандай болды. Ол – Атырау облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, 28 жастағы Темірхан Хажмұратов.

Отбасында екі қыз тәрбиелеп отырған әке бұған дейін де Құлсарыдағы 7 жасар бүлдіршіннің өлімі, «Француз орамындағы» әйел адамның ісі және NCOC менеджеріне қатысты күрделі қылмыстарды ашуға атсалысқан білікті маман.

Темірхан Қанатұлы мен оның жедел тобы Янаның денесі әлі табылмаған кездің өзінде-ақ іске кіріскен. Олар күдіктілердің өшіріп тастаған хат-хабарларын қалпына келтіріп, цифрлық іздерді тауып, сұрақ көп, жауап аз қиын сәтте жасырын тергеу амалдарын жүргізген.

Істің бетбұрыс нүктесі тергеу изоляторындағы жазбалар болды. Тергеуші сенімді адамдардың көмегімен Алтынбек Катимовтің сырласу кезінде айтқан сөздерін жазып алған. Онда қылмыскер серігі Ризуан екеуі мәйіттен қалай құтылғанын егжей-тегжейлі баяндап берген. Бұл айғақтар олардың жазадан сытылып кетуіне еш мүмкіндік қалдырмады. Нәтижесінде қылмыстық іс 26 томға жетіп, жүздеген сараптама мен бұлтартпас дәлелдер жинақталды.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Ажар Әбділ тергеушінің еңбегіне тәнті болғанын жасырмады:

«Тергеушінің іске дәл осылай жаны ашығанын бірінші рет көрдім. Ол Янаны табу үшін мүмкін еместің бәрін жасады, шын мәнінде мақсатына жетуге ынтық болды».

Тіпті судья Зарема Хамидуллинаның өзі үкім шыққан соң, сот залына бірде-бір рет келмесе де, әр дәлелден қолтаңбасы көрініп тұрған Темірхан Хажмұратовтың жұмысын жоғары бағалады. Судья арнайы қаулы шығарып, полиция басшылығынан тергеушіні міндетін мінсіз атқарғаны үшін марапаттауды талап етті.

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 5 жылда елімізде әйелдерді өлтіру дерегі 27 пайызға азайған. Статистика баяу болса да жақсарып келеді. Ал Темірхан сияқты қырағы тергеушілер мен Заремадай қағидатшыл судьялар барда, ешбір қылмыскердің жазасыз қалмасы анық.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий