Депутаттарды тендерден шеттетпек

22.04.2026 16:20 Арман Ермеков
Депутаттарды тендерден шеттетпек
221
Мәслихат депутаттарына тендерге қатысуға заңмен тыйым салынуы мүмкін. Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда мәслихат депутаттарының тендерлерге қатысуына заң жүзінде қатаң шектеу қойылуы мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, жергілікті өкілді орган мүшелерінің мемлекеттік сатып алуларға араласуын тоқтату бастамасын қолдады.

Мәжіліс кулуарында журналистерге берген сұхбатында Бақытжан Базарбек қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыстарды орындайтын кейбір компаниялардың құрылтайшылары немесе заңды өкілдері сол өңірдің мәслихат депутаттары болып отырған жағдайды ашық айтты.

"Мұны қалай түсінуге болады? Көптеген жоба көп жағдайда жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Балабақша, мектеп салудан бастап, жол құрылысын жүргізуге дейінгі жобалардың акционері, құрылтайшылары сол өңірдің мәслихат депутаты болуы мүмкін. Иә, ол бар. Ондай жағдай болып отыр. Сондықтан біз мүдделер қақтығысын жоққа шығаруымыз керек. Заңға тиісті өзгертулерді енгіземіз", — деп мәлімдеді халық қалаулысы.

Депутаттың мәліметінше, қазіргі уақытта төменгі палата қабырғасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл құжаттағы басты жаңалықтардың бірі – мүдделер қақтығысы анықталған жағдайда мемлекеттік сатып алу нәтижелерін түбегейлі жою тетігі.

"Егер мемлекеттік сатып алу барысында мүдделер қақтығысы орын алса, кәсіпорын жеңімпаз атанса да, жаңа түзетулерге сәйкес шығарылған барлық шешім жойылады. Басқаша айтқанда, біз процесті бастапқы жағдайына қайтарамыз. Мен мұны нағыз әлеуметтік әділеттілік деп есептеймін", — деп түсіндірді Базарбек.

Еске сала кетейік, бұған дейін белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев мәслихат депутаттарының мемлекеттік тендерлерге қатысуын жемқорлықтың ашық түрі ретінде бағалап, оларды бұл әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды, тіпті түрмеге жабуды ұсынған болатын. 

Осының айқын дәлелі ретінде Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутатын атап өтуге болады. Дәл қазіргі уақытта депутат қамауда отыр. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, ол өзіне тиесілі жол құрылысы компаниясы арқылы үнемі мемлекеттік тендерлерді жеңіп алып отырған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий