Дрон шабуылдарынан кейін Ресей Қазақстаннан 50 мың тонна бензин сұрағаны рас па?
Ресей Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 маркалы бензин жеткізуді сұрады, деп хабарлайды Politico.kz сайты Reuters агенттігіне сілтемемен.
Агенттік мәліметінше, Ресейде бензин өндірісі өткен жылмен салыстырғанда шамамен 25 пайызға төмендеген. Бұған мұнай өңдеу зауыттарына жасалған дрон шабуылдары себеп болған. Нәтижесінде елдің бірқатар өңірінде жанармай тапшылығы байқалып, билік ішкі нарықты тұрақтандыру үшін бензин экспортына шектеу қою және импорт көлемін арттыру мәселесін қарастыруда.
Дереккөздердің айтуынша, Қазақстаннан бензин жеткізу Ресейдің авиациялық отынымен айырбас негізінде жүзеге асырылуы мүмкін. Себебі шілде айында Қазақстанда авиакеросин қорының азаю қаупі бар екені айтылуда.
Алайда Қазақстан Энергетика министрлігі әзірге Ресей тарапынан ресми өтініш түспегенін мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда Ресей Федерациясынан Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне мұнай өнімдерінің ешбір түрі бойынша ресми өтініш келіп түскен жоқ. Егер мұндай өтініш түссе, жанар-жағармай материалдарының балансын ескере отырып қарастырамыз», – деді Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев.
Сарапшылардың пікірінше, Ресейдегі жанармай тапшылығы мұнай және көлік инфрақұрылымына жасалған шабуылдардың салдары болуы мүмкін. Қазіргі уақытта мәселе көрші елдің энергетикалық нарығындағы негізгі тақырыптардың біріне айналып отыр.
Соңғы жаңалықтар