Шетелдіктерге қазақстандықтардың ЖСН-ін пайдаланып, жалған құжат жасаған күдікті ұсталды
Алматыда шетел азаматтарына жалған жеке куәлік, жүргізуші куәлігі мен көлік құжаттарын жасап берген 32 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Полиция мәліметінше, күдікті өз қызметі үшін ақы алып, тапсырыс берушілерге басқа адамдардың жеке деректерін пайдалануға көмектескен.
Тергеу деректеріне сүйенсек, ер адам Қазақстан азаматтарының қолданыстағы ЖСН-і мен құжат нөмірлерін пайдаланып, оларға бөтен адамның фотосы мен мәліметтерін енгізген. Осылайша жасалған жалған құжаттар арқылы шетел азаматтары өздерінің нақты кім екенін жасырып, түрлі қызметтерге тіркеле алған.
Полицияның алдын ала мәліметінше, күдіктінің негізгі тапсырыс берушілері Орталық және Оңтүстік Азия елдерінен келген азаматтар болған. Олар жалған құжаттарды көбіне курьер және жүргізуші болып жұмысқа орналасу үшін пайдаланған.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде күдікті ұсталып, оның кеңсесінен компьютерлік техника мен ұялы телефон тәркіленді. Қазір бұл құрылғылар сараптамаға жіберілген.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары ер адамның әрекетіне заңсыз көші-қонды ұйымдастыру дерегі бойынша қосымша құқықтық баға беру мәселесін қарастырып жатыр.
Соңғы жаңалықтар