“Баламның өліміне кім кінәлі?”: Алматыда 14 жастағы бала антибиотиктен кейін көз жұмды
Алматыда 14 жастағы жасөспірім емханада антибиотикке сынама жасалғаннан кейін ауыр халге түсіп, бір аптадан соң ауруханада қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz “7 арна”-ға сілтемемен.
Қазір баланың өліміне қатысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Марқұмның ата-анасының айтуынша, Максим есімді жасөспірім тамыз айының басында сырқаттанып қалған. Оның лимфа түйіндері ұлғайған. Дәрігерлер тағайындаған антибиотиктер мен өзге де дәрілерді екі курс қабылдағанына қарамастан, баланың денсаулығы жақсармаған.
21 қазанда ата-анасы Максимді Алматыдағы №37 қалалық емханаға алып барған. Анасының сөзінше, инфекционист дәрігер антибиотик тағайындап, препаратты енгізер алдында міндетті түрде сынама жасау керектігін ескерткен.
Алайда препаратты бұлшықетке енгізгеннен кейін жасөспірімнің жағдайы күрт нашарлаған. Анасының айтуынша, алдымен баланың жүрегі айнып, бүкіл денесі ауыра бастаған. Кейін есінен танып, құрысу белгілері байқалған.
Мария Кубареваның сөзінше, медицина қызметкерлері баланың жағдайы нашарлаған соң оған көмек көрсетуге тырысқан. Анасы ұлына нашатырь иіскетіп, дәрігерлердің шұғыл әрекет еткенін айтады.
Осыдан кейін Максим Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген. Дәрігерлер оны жасанды тыныс алу аппаратына қосқанымен, жасөспірімнің өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Ол ауруханада бір аптадан кейін көз жұмды.
Баланың ата-анасы болған жағдайдың себебін анықтауды талап етіп, полицияға арызданған. Олар медициналық препараттың қандай мөлшерде енгізілгенін, сынаманың дұрыс жүргізілген-жүргізілмегенін және баланың жағдайы күрт нашарлаған кезде медицина қызметкерлері қандай көмек көрсеткенін тексеруді сұрайды.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға қатысты тексеру аяқталғаннан кейін толық ақпарат берілетінін мәлімдеді.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің хабарлауынша, аталған факті бойынша полицияның тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғаған. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалған.
Тергеу қорытындысы бойынша іс аясында тиісті процессуалдық шешім қабылданады. Жасөспірімнің өліміне нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Соңғы жаңалықтар