Дрон шабуылынан кейін Ресейдегі алып мұнай зауыты тоқтап қалды
Башқұртстандағы ірі мұнай-химия зауыты дрон шабуылынан кейін жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі Reuters-ке сілтемемен.
Ресейдегі ең ірі мұнай-химия кәсіпорындарының бірі саналатын Башқұртстанның Салават қаласындағы «Газпромнефтехим Салават» кешені ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін мұнай мен газ конденсатын өңдеу жұмыстарын уақытша тоқтатты.
Reuters агенттігінің салалық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, зауыттағы өңдеу процесі 14 шілдеден бастап тоқтатылған.
Бұған дейін Башқұртстан басшысы Радий Хабиров шабуыл салдарынан кәсіпорын аумағындағы құбырлар мен кабельдік эстакадалардың зақымданғанын, сондай-ақ бірнеше жерде өрт шыққанын мәлімдеген болатын.
Агенттік мәліметінше, зауыттағы негізгі мұнай өңдеу қондырғылары – АВТ-6 және АВТ-4 істен шыққан. Сонымен қатар бірқатар қосалқы өндірістік нысандар мен цехаралық инженерлік желілерге де зақым келген.
Сарапшылардың айтуынша, өндірісті толық қалпына келтіруге бірнеше аптадан бірнеше айға дейін уақыт кетуі мүмкін.
«Газпромнефтехим Салават» мұнай мен газ шикізатын толық цикл бойынша өңдейтін Ресейдегі жетекші кәсіпорындардың бірі саналады. Зауыт бензин, дизель отыны, авиациялық керосин, сұйытылған газ, полиэтилен, аммиак, карбамид және басқа да мұнай-химия өнімдерін шығарады.
Соңғы жаңалықтар