Дубайда 120 келілік дөңгелекті сүйреген қазақстандық қыздар әлем чемпионы атанды

08.03.2026 14:34 Арман Ермеков
Дубайда 120 келілік дөңгелекті сүйреген қазақстандық қыздар әлем чемпионы атанды
137
Фото: kazpravda.kz

Дубайда өткен халықаралық жарыста Қазақстанның күштік құрылымдарының әйелдер командасы бірінші орын алды, деп хабарлайды Politico.kz порталы Kazpravda.kz-ке сілтеме жасап.

«UAE SWAT Challenge 2026» турнирінде еліміздің түрлі ведомстволарынан жиналған «Kazakhstan Tomiris» ұжымы әйелдер арасында топ жарып, жалпы есепте 18-орынды иеленді. Жарыс барысында қатысушылар 120 келілік ауыр дөңгелекті тасып, түрлі кедергілерден өтіп, қауіптің бетін қайтарған. Команда капитаны, Астана қаласы Полиция департаменті Жедел қимылдайтын арнайы жасағының взвод командирі, полиция подполковнигі Айнагүл Байжігітова бұл жеңістің сыры күнделікті тынымсыз дайындықта екенін мәлімдеді.

Айнагүл Ресейде туып-өсіп, Омбы мемлекеттік педагогикалық университетін бітірген соң Қазақстанға оралып, дипломатиялық өкілдіктерді қорғау полкіне жұмысқа орналасады. Ол спорттың түрлі бағыттары бойынша жарыстарға қатысып, 2018 жылы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының кубогында екінші орын, ал 2019 жылы Тұңғыш Президент кубогында қоян-қолтық ұрыстан үшінші орын алады. 2025 жылдың қыркүйегінде «Қытай – Орталық Азия» додасында екінші орын алып, подполковник шенін таққан.

«Kazakhstan Tomiris» командасы 2024 жылы құрылып, іріктеуге қатысқан 42 үміткердің арасынан ең мықты 10 қыз таңдап алынған. Топ мүшелерінің барлығы спорт шебері немесе спорт шеберіне үміткер екенін айтқан капитан қыздардың төзімділігіне ер адамдар қызыға қарайтынын жеткізді.

«Бұл өте қиын болды, бірақ дайындықтың арқасында бәрін алып шықтық, біз ел намысын қорғап жүргендіктен бар күшімізді салдық», – деді подполковник.

Бүгінде команда құрамында Айнагүл Байжігітова, Анар Түкенова, Балнұр Қиялбекова, Қымбат Ахмет, Мөлдір Атанай, Наталья Местоева, Мадина Қайржанова, Құралай Қабырайқызы, Қарашаш Есдәулетова және Дарина Білденова бар. Былтырғы құрам сәл өзгеше болғанымен, қыздар «UAE SWAT Challenge 2025» турнирінде де екінші орын алған еді. Ал биыл олар Қытайдан келген басты қарсыластарын артта қалдырды.

Елге оралған соң жеңімпаздарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.

«Біз қатты толқыдық, әрі қуандық, марапаттау рәсімінде өз еліміз үшін үлкен мақтаныш сезімін бастан кешірдік», – деді Айнагүл Байжігітова.

Қазіргі таңда қыздар тұрақты қызмет орындарына оралып, физикалық қалыптарын сақтау үшін жаттығуларды жалғастырып жатыр. Командаға қосылғысы келетіндер көп болғандықтан, шілде айында жаңа іріктеу өтеді. Күнделікті қызметте олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қауіпті қылмыскерлерді ұстау операцияларына қатысады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий