Екі жасар баланы аман алып қалған иттің өзі қасқырға жем болды

28.07.2026 21:08 Томирис САҒЫНДЫҚ
Екі жасар баланы аман алып қалған иттің өзі қасқырға жем болды
54
Фото: Jam Press

Италияның Тоскана аймағында үй ауласына басып кірген жыртқыш қасқыр екі жасар бүлдіршінге тап берген. Сол сәтте отбасының иті балаға араша түсті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Need To Know басылымы хабарлайды.

Қайғылы оқиға Орбиччано елді мекенінде болған. 40 жастағы Паула мен оның 39 жастағы күйеуі Томмазо үй жанында кешкі ас дайындап жатқанда, екі жасар ұлдары қоршалмаған аулада итпен ойнап жүрген. Отбасы мүшелерінің айтуынша, орман жақтан салмағы 60-70 келіге жуықтайтын ірі қасқыр жүгіріп шығып, бірден кішкентай балаға қарай ұмтылған. Осы кезде салмағы небәрі 22 келі болатын Дестини есімді 7 жасар ит сәбидің алдына көлденең тұрып, жыртқышқа қарсы шапқан.

«Дестини бұған дейін бейтаныс адамдарды көрсе қорқып, тек алыстан үретін момын ит еді. Ал бұл жолы ол ештеңеден тайсалмай, баланы өз денесімен қалқалап, жыртқышты қууға тырысты. Ол менің де, ұлымның да өмірін сақтап қалды», — дейді оқиғаны еске алған Томмазо.

Айғай-шуды естіп сыртқа жүгіріп шыққан Паула қасқырдың итті тамағынан тістеп, орманға қарай сүйреп бара жатқанын көреді.

«Жыртқыш оны қоян құсатып жұлып әкетті», — деді көз жасына ерік берген әйел.

Ерлі-зайыпты бірден орманға ұмтылып, қалың бұтаның арасымен жүріп отырып, өзен маңынан иттің денесін табады. Қараңғы түсіп, қасқырдың жақын маңда жүргені байқалған соң, олар көршісімен бірге кері қайтуға мәжбүр болады. Келесі күні таңертең қайта барғанда, иттің денесі орында болмай шықты. Жыртқыштар оны сүйреп кеткен — оқиға орнында иттің тек қалдықтары ғана қалған. Дестини бұл отбасымен 7 жыл бойы бірге өмір сүрген. Кезінде оны тастанды күшік күйінде қапқа салып кеткен жерінен тауып алып, асыраған екен.

«Дестини болмағанда баламыздың күні не боларын елестетудің өзі қорқынышты. Ол өз өмірін қию арқылы ұлымызды ажалдан аман алып қалды», — дейді Паула.

Оқиғадан кейін жергілікті полиция тұрғын үйлердің маңында жыртқыштардың жиілеуіне байланысты тексеру бастады.

Экологтардың мәліметінше, қазіргі таңда Тоскана аймағындағы қасқырлар саны мыңға жуықтаған. Мамандар ауылдық елді мекендердің тұрғындарына қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуді ескертеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий