Еңбек министрінің отбасы қай санатқа жататыны белгілі болды
Қазақстанда жәрдемақы алатын отбасыларды табысы мен дүние-мүлкіне қарай бес санатқа бөлу жоспарланып отыр. Ал жаңа жүйе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің өзі қай топқа жатады? Асқарбек Ертаев арнайы есептеу құралына отбасының табысын, пәтерлері мен көлігі туралы мәліметтерді енгізіп, жұрттың көзінше тексеріп көрді. Нәтижесінде министрдің отбасы мемлекеттік көмекке мұқтаж емес топқа жатқызылды, деп хабарлайды Politico.kz.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақының 10 түрін тағайындау тәртібі өзгереді. Олардың қатарында бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы мен бала бір жарым жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы жәрдемақы да бар.
Жаңа жүйеде отбасылар тұрмыс жағдайына қарай A, B, C, D және E деген бес санатқа бөлінеді. Мұндағы A мен B – жағдайы жақсы отбасылар, ал C, D және E – мемлекеттік қолдауға мұқтаж топтар.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев осы жүйенің қалай жұмыс істейтінін көрсету үшін өз отбасының деректерін арнайы есептеу құралына енгізді.
Министрдің айлығы – 1,2 миллион теңге
Асқарбек Ертаевтың айтуынша, оның ай сайынғы орташа жалақысы 1 миллион 200 мың теңгені құрайды. Жұбайы 44 жаста, жұмыс істемейді.
Отбасында төрт бала бар. Үлкені 29 жаста, жұмыс істейді, ай сайын орта есеппен 600 мың теңге табады. 23 жастағы ұлының жалақысы – 400 мың теңге. Тағы бір қызы мектепте оқиды, ал кенже ұлы төрт жаста.
Осылайша, министр көрсеткен мәліметке сәйкес, алты адамнан тұратын отбасының ай сайынғы жалпы табысы 2 миллион 200 мың теңгеге жетеді. Бұл әр адамға шаққанда шамамен 366,7 мың теңгеден келеді.
Министр дүние-мүлкі туралы да мәлімет берді.
Оның отбасының Астанада екі пәтері бар. Біріншісі – аумағы 60 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтер. Екіншісі – 100 шаршы метрлік үш бөлмелі пәтер.
Сондай-ақ отбасының атында 2013 жылы шығарылған Toyota Camry 50 автокөлігі бар. Министр есептеу кезінде коммерциялық көлікке қатысты мәліметті де атаған.
Ертаевтың сөзінше, отбасының жер телімі, жеке қосалқы шаруашылығы жоқ. Сондай-ақ отбасы мүшелері жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген және компаниялардың құрылтайшылары немесе үлескерлері емес.
Осы деректерді есептеген жүйе министрдің отбасын B санатына жатқызды.
Бұл – тұрмысы салыстырмалы түрде жақсы, әлеуметтік көмектің жаңа тәртібі бойынша мұқтаж отбасылар қатарына кірмейтін топ.
Қазақстанда бір миллионға жуық отбасы B санатына кіреді
Министрдің айтуынша, елімізде шамамен бір миллион отбасы осы санатқа жатқызылуы мүмкін. Бұл Қазақстандағы барлық отбасының 16 пайызына жуық.
Мұндай отбасылардың тұрақты табысы бар. Олардың қатарында жеке және квазимемлекеттік компаниялардың басшылары, жоғары жалақы алатын мамандар мен кәсіпкерлер кездеседі.
Отбасының жағдайы сегіз бағыт бойынша тексеріледі
Жаңа жүйеде отбасының әл-ауқаты 8 бағыт бойынша бағаланады.
Олар – табыс пен несие, көлік, жұмыспен қамтылу, әлеуметтік қорғау, денсаулық, білім, баспана жағдайы және ауыл шаруашылығы.
Әр көрсеткішке ұпай қосылады немесе шегеріледі. Соңында барлық ұпай есептеліп, отбасының қай санатқа жататыны анықталады.
A санаты – жағдайы жақсы: 1800 және одан жоғары ұпай.
B санаты – қанағаттанарлық: 730–1799 ұпай.
C санаты – қанағаттанарлықсыз: −30-дан 729-ға дейін.
D санаты – дағдарыстағы: −460-тан −29-ға дейін.
E санаты – өте ауыр жағдайдағы: −459 және одан төмен.
Мәселен, төрт адамнан тұратын отбасы айына 400 мың теңге тапса, әр адамға 100 мың теңгеден келеді. Бірақ бұл соманың өзі отбасының қай санатқа кіретінін бірден анықтамайды.
Табыстан бөлек, оның баспанасы, несиесі, балаларының саны және басқа да жағдайлары ескеріледі.
2026 жылы әлеуметтік төлемдерді есептеуге қолданылатын ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрайды. Оның төрт еселенген мөлшері – 203 404 теңге.
Жүйеде әр адамға шаққандағы табыс төрт күнкөріс деңгейінен асса, осы көрсеткіш үшін 620 ұпай беріледі. Ал табысы екі-үш күнкөріс деңгейіне тең отбасына 280 ұпай есептеледі.
Бұған жұмыс істейтін адамдар үшін де ұпай қосылады. Отбасында екі немесе одан көп адам жұмыс істесе, 300 ұпай беріледі.
Ал балалардың болуы, мүгедектік, ауыр сырқаттар мен несие берешегі секілді жағдайлар жалпы ұпайды азайтады.
Мәселен, отбасында екі бала болса, 100 ұпай шегеріледі. I немесе II топтағы мүгедектігі бар ересек адам болса, 250 ұпай алынады. Ал 90 күннен астам уақыт төленбеген, мың теңгеден асатын несие берешегі үшін 250 немесе 500 ұпай шегерілуі мүмкін.
Баспана да маңызды. Үйі жоқ отбасынан 200 ұпай шегеріледі. Екі-үш баспанасы бар отбасыға 100 ұпай қосылады. Ал жылжымайтын мүлік саны көбейген сайын ұпай да артады.
Жалақы жоғары болса да, отбасы B санатында қалуы мүмкін
Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі – айлық табысы бірдей отбасылардың әртүрлі санатқа түсуі мүмкін.
Мәселен, Алматыда тұратын төрт адамнан құралған отбасын алайық. Екі ересек адам жұмыс істейді, екі баласы мектепте оқиды. Отбасының бір пәтері мен бір жеңіл көлігі бар. Несиесі жоқ.
Егер әр адамға шаққандағы табыс бес күнкөріс деңгейіне тең болса, отбасы 890 ұпай жинап, B санатына кіреді.
Ал табыс әр адамға шаққанда 2,5 күнкөріс деңгейіне тең болса, жалпы ұпай 550-ге дейін төмендейді. Бұл жағдайда отбасы C санатына жатқызылады.
Яғни екі отбасының тұрмысын бағалау үшін тек жалақы мөлшерін салыстыру жеткіліксіз.
Жәрдемақыдан кімдер қағылуы мүмкін?
2027 жылдан бастап енгізілетін өзгерістер әлеуметтік көмектің 10 түріне қатысты болады.
Жаңа тәсілдің мақсаты – бюджет қаражатын ең алдымен қолдауға шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттау.
Алайда бұл A немесе B санатына кірген азаматтар барлық мемлекеттік төлемнен бірден айырылады деген сөз емес. Өзгерістер нақты белгіленген жәрдемақыларды тағайындау тәртібіне қатысты.
Ал C, D және E санатындағы, яғни тұрмысы төмен және қиын жағдайға тап болған отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсету көзделген.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов те Қазақстан әлеуметтік бағдарланған мемлекет болып қала беретінін мәлімдеген еді.
Үкімет басшысы мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттік көмек толық көлемде сақталатынын, ал жаңа жүйенің басты мақсаты әлеуметтік қолдауды әділ әрі нақты мұқтаж адамдарға жеткізу екенін атап өткен.
Соңғы жаңалықтар