Енді жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды шектеусіз тапсыруға болады
Жүргізуші куәлігін алу тәртібі өзгереді. Қазақстандықтар жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды шектеусіз тапсыра алады, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – цифрлық даму және жасанды интеллект министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды.
Жаңа ережеге сәйкес, азаматтар емтиханды шектеусіз тапсыра алады. Алайда әр талпыныс арасында кемінде 10 күн үзіліс сақталуы тиіс. Бұл бұрынғыдай қайта оқуға міндеттемей, процесті жеңілдетеді.
Айта кету керек, қазіргі уақытта азаматтарға 3 тегін мүмкіндік беріледі: алғашқы екі мүмкіндік – 1 күн аралықпен, үшіншісі – 30 күннен кейін. Аталған мүмкіндіктер аяқталған соң қайта оқудан өту талап етілетін, бұл жекелеген жағдайларда азаматтарды жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға итермелейтін жағдайлар туғызатын. Жаңа норма рәсімді анағұрлым қолжетімді етіп, артық шектеулерді алып тастауға және сыбайлас жемқорлық көріністерінің тәуекелін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, емтихан барысында бақылау күшейтіледі. Теориялық бөлімде заманауи технологиялар қолданылса, практикалық емтихан кезінде жасанды интеллект негізіндегі жүйелер бақылау жүргізеді. Бұл заңбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Тыйым салынған құрылғыларды пайдаланғандарға жаза қарастырылған. Тіпті емтихан тапсыру құқығынан бір жылға дейін айыру мүмкін. Бұдан бөлек, автомектептерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Дайындық сапасы төмен болған жағдайда лицензия қайтарып алынуы мүмкін.
Емтихан өткізу процесіне жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Атап айтқанда, теориялық емтихан қабылдау кезінде толықтырылған шынайылық (AR), ал практикалық емтиханды бақылауда компьютерлік көру (Computer Vision) технологиясы қолданылады. Бұл тыйым салынған техникалық құралдарды пайдалану тәуекелін азайтып, бұзушылықтарды нақты тіркеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алуға қатысты цифрлық шешімдердің ақпараттық қауіпсіздігін барынша күшейту көзделеді. Осы мақсатта оларды ақпараттандырудың аса маңызды объектілері тізбесіне енгізу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл құқық бұзушылықтар мен рұқсатсыз араласу үшін жауапкершілікті, қылмыстық жауапкершілікке дейін күшейтуге мүмкіндік береді.
Маңызды шара шеңберінде әкімшілік жауапкершілікке қатысты нормаларды енгізу қарастырылған. Бұл жауапкершілік қызмет алушыларға да, жүргізуші куәлігін заңсыз алуға жәрдем көрсететін тұлғаларға да қолданылады. Шаралар емтихан тапсыру процесінде бұзушылықтар анықталған жағдайда қабылданады. Олардың қатарына тыйым салынған құрылғыларды, микроқұлаққаптарды, микрокамераларды, сондай-ақ байланыс сигналдарын қабылдайтын және тарататын құралдарды пайдалану жатады. Бұдан бөлек, теориялық емтихан тапсыру құқығынан 1 жылға айыру мүмкіндігі енгізіледі.
Сондай-ақ автомектептердің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту көзделеді. Олардың жұмысын бағалау кезінде жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың кері байланысы ескеріледі. Сондай-ақ олардың қызметін лицензиялау енгізу жоспарланып отыр. Жүргізушілерді даярлау сапасы төмен болған жағдайда лицензияны толық кері қайтарып алу шарасы қарастырылады.
Соңғы жаңалықтар