«Ересек балалар магнит жұттырған»: 3-сынып оқушысы жансақтау бөліміне түсті

08.09.2026 10:17 Мөлдір ҚАЙНАР
«Ересек балалар магнит жұттырған»: 3-сынып оқушысы жансақтау бөліміне түсті
382
Фото: коллаж politico.kz

Ташкенттегі №151 мектепте жоғары сынып оқушыларының зорлығына ұшыраған үшінші сынып баласына шұғыл ота жасалып, аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Зардап шеккен баланың анасының сөзіне қарағанда, екі жоғары сынып оқушысы оның ұлын мектеп әжетханасында қорлап, аузына магнитті білезікті күштеп тығып, жұтқызған. Жасөспірімдердің қоқан-лоқысынан қорыққан оқушы үйіне тіс жарып ештеңе айтпаған. Алайда 5 қыркүйек күні денсаулығы күрт нашарлаған соң ол ауруханаға жеткізіліп, денесінен бөгде зат анықталды.

Ішекке түскен магнит бөлініп, тотығып кеткендіктен, оған үш сағат бойы күрделі ота жасалды. Нәтижесінде ішектің алты жері тесіліп, дәрігерлер оның 5 сантиметрге жуық зақымданған бөлігін кесіп тастауға мәжбүр болған.

Қалалық білім басқармасы оқиғаның 2 қыркүйекте болғанын растап, қазіргі уақытта баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отырғанын жеткізді. Оқиға орнына Балалар омбудсменінің өкілдері барып, құқық қорғау органдары тергеуге дейінгі тексеру жұмыстарын бастады.

Войдите, чтобы оставить комментарий