Ерлан Ақкенженов энергетика министрі болып қайта тағайындалды
Ерлан Ақкенженов Қазақстан Республикасының энергетика министрі қызметінде қалды. Мемлекет басшысы 3 қыркүйекте оны осы лауазымға қайта тағайындау туралы тиісті Жарлыққа қол қойғанын Ақорда мәлімдеді.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженов Қазақстан Республикасының Энергетика министрі лауазымына тағайындалды", — делінген хабарламада.
Ол бұл қызметті 2025 жылдың 19 наурызынан бері атқарып келеді.
Тағайындау алдында министрдің кандидатурасын Құрылтай қарады. Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің отырысында депутаттар оны бұл қызметке бекітуге келісім берді.
Бұл мәселе «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 30-бабы аясында талқыланды. Комитет жиынының нәтижесінде Ақкенженовті министр лауазымына тағайындауға болатыны туралы оң қорытынды шықты.
Ерлан Ақкенженов кім?
Ерлан Құдайбергенұлы 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ол «Әділет» жоғары құқық мектебін және «Астана» университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2002 жылы «Қазмұнайгаз» сауда үйі» ЖШС-да бастады. Ол 2004 жылға дейін Мұнай және мұнай өнімдерін экспорттау департаментінде бас маман, бас менеджер және директор қызметтерін атқарды.
2004–2006 жылдары шетелде тәжірибе жинады. Ол «Chevron Texaco Global Trading» компаниясында шикі мұнай трейдері, сондай-ақ Сингапурдағы «KazMunaiGaz Singapore» кәсіпорнының директоры міндетін атқарды.
Елге оралған соң, 2006–2008 жылдары «Қазмұнайгаз» сауда үйі» АҚ-да экспорт департаментін басқарды. Одан кейін 2008–2010 жылдары «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-нің коммерциялық директоры болды.
2011–2012 жылдары «ҚазМұнайГаз өнімдері» АҚ бас директорының кеңесшісі болып еңбек етті. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз Қайта өңдеу және маркетинг» АҚ-ның экспорттау департаментіне жетекшілік етті.
Кейін ол Еуропадағы Rompetrol жүйесінде басшылық қызметтер атқарды. 2013–2014 жылдары Болгарияда бас директордың орынбасары, сосын бас директор болды.
2015–2016 жылдары Румыниядағы KMG International компаниясында трейдинг және бөлшек сауда бағыттары бойынша бас директор лауазымдарында істеді. Ал 2016–2020 жылдары мұнай өңдеу мен тасымалдаумен айналысатын жеке құрылымдарда жұмыс істеген.
2022–2023 жылдары Ерлан Ақкенженов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның мұнай өнімдері маркетингі басқармасының басшысы болды. Осыдан кейін ол 2023–2025 жылдар аралығында Қазақстанның энергетика вице-министрі қызметін атқарған еді.
Соңғы жаңалықтар