Ерлан Қарин тойда уағыз айтып, әйелдерді кемсіткен ақсақалға жауап берді

04.08.2026 12:45 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ерлан Қарин тойда уағыз айтып, әйелдерді кемсіткен ақсақалға жауап берді
555
Коллаж Politico.kz

Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Жетісайдағы тойда әйелдер мен өнер адамдарын сынап, көпшілікке діни уағыз оқыған ер адамның әрекетін қатаң сынға алды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Жетісайда өткен жиындардың бірінде тілектің орнына уағыз айтқан азаматтың видеосы кеңінен тараған болатын. Бейнежазбада ол музыканы, сондай-ақ ерлер мен әйелдердің бір дастарқан басында аралас отыруын теріс қылыққа балап сынаған. Бұл жағдай желі қолданушылары арасында қызу пікірталас тудырып, көпшіліктің наразылығына ұшыраған еді.

Ерлан Қарин өзінің фейсбук парақшасында бұл оқиғаға қатысты пікір білдіріп, мұндай әрекеттердің елдің таным-түсінігіне мүлдем сәйкес келмейтінін атап өтті. 

«Тойда тілекке шығып, ерсі уағыз айтып кеткен ер адамның видеосын желіден көріп қалдым. Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», – деп жазды Ерлан Қарин.

Сондай-ақ ол өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюды асыра сілтеушілік деп бағалап, мемлекеттің басты бағыты білім мен ғылымды дамытуға негізделгенін еске салды.

«Сол секілді, өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою да – асыра сілтеушілік. Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді. Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. Сол себепті, ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет», – деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий