"Музыка – бәле, әнші – шайтанның азаншысы": Тойдағы ақсақалдың сөзі желіде қызу талқыланды

04.08.2026 11:14 Мөлдір ҚАЙНАР
85
Фото: видеодан скриншот

Тойда музыканы шектеуге және ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызуға шақырған қонақтың мәлімдемасы әлеуметтік желіде үлкен пікірталас тудырды, деп хабарлайды Politico.kz.

Көпшіліктің ашуын келтірген бұл көрініс әлеуметтік желілерде тез тарап кетті.

"Аллаға шүкір, тойларда арақ деген бәледен құтылдық, бірақ екі нәрсе бар. Біріншісі, мына музыка деген бәледен құтылуымыз керек, бұл шариғатқа түк сай келмейді. Екіншісі, еркектер мен ұрғашылар бірігіп отыруға болмайды. Мына әншілер маған ренжімесін, оларды «шайтанның азаншысы» деп атайды", – деді жиында сөз алған той қонағы.

Бұл видеодан кейін желі қолданушылары екіге жарылып, еркек пен әйелді бөлек отырғызуды талап еткен ақсақалдың "ұрғашы" деген сөзіне ерекше наразылық білдірді.

"Бұл әйелдерді «ұрғашы» деп малға теңеп отырғаны ма? Ұрғашы – жануарлар, малдар, құстар мен жәндіктер әлеміндегі әйелдік жынысты білдіретін ұғым. Бұл Конституциямызға қарсы пікір. Біз зайырлы мемлекетте тұрамыз", – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

Ал екінші тарап қазақтың байырғы дәстүрін алға тартты. Олар бұрын қазақ халқында қыз-келіншектер мен ер азаматтардың бірге «Алтыбақан», «Ақсүйек» ойнап, домбыра тартып, айтысқанын еске салды.

Сонымен қатар ақсақалдың сөзін қолдағандар да табылды. Олардың пайымдауынша, кейбір тойларда ақ жаулықты әжелердің өзі арақ ішіп отыратын жағдайлар кездеседі, сол себепті мұндай ескертулердің жастарға тәрбиелік мәні бар.

Войдите, чтобы оставить комментарий