Ерлан Қарин вице-президент ретінде алғаш сөз сөйлеп, саясатқа жаңа тұлғалар келгенін мәлімдеді

31.08.2026 13:30 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ерлан Қарин вице-президент ретінде алғаш сөз сөйлеп, саясатқа жаңа тұлғалар келгенін мәлімдеді
225
Фото: Ақорда

Құрылтай отырысында Қазақстанның жаңадан тағайындалған вице-президенті Ерлан Қарин сөз сөйлеп, елдегі конституциялық реформалар қоғамға жаңа тұлғалардың келуіне жол ашқанын мәлімдеді.

Ол соңғы бес-жеті жылда Қазақстан барлық салада айтарлықтай өзгеріп, мүлде жаңа тұрпатты мемлекетке айналғанын атап өтті.

«Көптеген салада ауқымды және терең өзгерістер жүріп жатыр. Оның оң нәтижесін халқымыз өз көзімен көріп, сезе бастады. Сіздің қолдауыңызбен және сеніміңіздің арқасында елдегі осындай үлкен тарихи өзгерістердің ортасында жүруге мүмкіндік алдық», – деді Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарата.

Сондай-ақ ол Президенттің елге қызмет ету туралы сөзін еске алып, алдағы жұмысына қатысты уәде берді.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз жиі айтатын «Әрбір азамат үшін елге қызмет ету – үлкен бақыт әрі зор мәртебе» деген сөз бар. Маған да осы жылдары осындай мүмкіндік беріп, сенім білдіргеніңіз үшін үлкен алғыс айтам. Қандай қызметте болсақ та, әрдайым өзіңіз айқындаған міндеттерді адал атқарып, Қазақстанның болашағы үшін еңбек етуге бар күшімді салуға уәде беремін», – деп толықтырды вице-президент.

Жаңа лауазым иесі жаңарған Конституциямен Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын жеткізді. Оның сөзінше, ендігі басты мақсат – жаңа конституциялық құндылықтарды қоғамдық өмір қағидатына айналдырып, халық санасына орнықтыру.

«Кешегі өткен Құрылтай сайлауы, елдегі конституциялық реформалар қоғамдық өмірге көптеген жаңа есімдердің, жаңа тұлғалардың келуіне себеп болды. Бастамаңызбен елде болып жатқан оң өзгерістер отаншыл, мемлекетшіл азаматтардың бәріне осындай ауқымды жұмыстарға араласуға жол ашып отыр», – деді ол.

Осы тарихи сәтте Ерлан Қарин барлық азаматты Президенттің айналасына топтасып, ортақ мақсат жолында жұмыла еңбек етуге шақырды.

Айта кетейік, Қарин елімізде 1990-1996 жылдары болған лауазымға бүгін бекітіліп отыр. Бұған дейін Мемлекет басшысы оны бұл қызметке не себепті ұсынғанын түсіндірген болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий