Тоқаев Ерлан Қарин мен Олжас Бектеновті неге жоғары лауазымдарға таңдағанын түсіндірді

31.08.2026 12:31 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаев Ерлан Қарин мен Олжас Бектеновті неге жоғары лауазымдарға таңдағанын түсіндірді
262
Коллаж: Politico.kz/ЖИ

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында Ерлан Қарин мен Олжас Бектеновті вице-президент және премьер-министр лауазымдарына не себепті ұсынғанын айтып берді. Мемлекет басшысы жаңа басшылардың тәжірибесі мен алдағы міндеттеріне тоқталды.

Президент алдымен вице-президент қызметіне таңдалған Ерлан Қариннің мемлекеттік басқару жүйесіндегі еңбегін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл азамат еліміздегі ауқымды реформаларды жүзеге асыруға белсенді қатысқан.

«Ерлан Қарин – елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, көкжиегі кең, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы іске асыруға белсенді түрде атсалысты. Мемлекеттің стратегиялық бағдарын, даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін. Құрылтайдан бұл кандидатураны қолдауды сұраймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін Үкімет басшысы лауазымына қайта ұсынылған Олжас Бектеновтің кандидатурасы қаралды. Тоқаев оны жауапкершілігі жоғары, білікті мемлекетшіл тұлға ретінде бағалады. Ол Бектеновтің бұған дейін де премьер-министр ретінде нәтижелі жұмыс істегенін еске салды.

«Ол – мемлекетшіл, тәжірибелі, білікті азамат. Жауапкершілігін жақсы түсінеді. Бұған дейін Үкімет басшысы ретінде нәтижелі жұмыс істеді. Қазір еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұрғанын жақсы білесіздер. Бұл мәселе бойынша Құрылтайдың тұңғыш отырысында толығымен айттым. Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуда. Түрлі инфрақұрылымдық жобаларды қолға алдық. Алда әлі де көп жұмыс істелуі керек. Жалпы, еліміздің Тәуелсіздігі мен Егемендігін нығайтуға, мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты мәселелер әлі де күн тәртібінде тұр. Бұл мәселелерді бәріміз бірге ойдағыдай, сәтті шешуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Отырыс барысында Құрылтай депутаттарының басым бөлігі ұсынылған кандидатураларды қолдап дауыс берді. Нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойып, оларды жаңа қызметтеріне тағайындады.

Войдите, чтобы оставить комментарий