Ерлан Саиров: «Аманат»-тың «Әділет»-ке қосылуы – Назарбаев жүйесімен толық қоштасу
Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров «Аманат» партиясының XXVII съезінде қабылданған шешімге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Alash.kz-ке сілтеме жасап Politico.kz хабарлайды.
XXVII съезде «Аманат» партиясы жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылатыны белгілі болды. Ерлан Саиров бұл қадамның саяси астарын түсіндіріп өтті.
««Аманат» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы – ол Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жүйесімен толық қоштасу. 1 шілдеден бастап, Қазақстан жаңа саяси дәуірге енеді. «Аманат» партиясы үш жылдың ішінде жақсы жұмыс істеді. Халықтың алдындағы өзінің міндеттерін орындады. Бірақ, «Аманаттың» артында Назарбаевтың құлағы шығып тұрады. Сондықтан, «Аманат» партиясы «Әділет» партиясына қосылу жөнінде шешім қабылдады. Бұл шешім жаңа дәуірге байланысты Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси жүйесінен толық арылу деп есептеймін!», – дейді Ерлан Саиров.
Айта кетейік, 12 маусымда Қазақстанның ірі партиясы саналатын «Amanat»-тың кезектен тыс XXVI съезінде ұйымды қайта құру арқылы жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосу туралы шешім қабылданған болатын.
«Аманат» қалай құрылды?
Ширек ғасырға жуық тарихы бар партия 1999 жылғы қаңтардағы кезектен тыс сайлаудан кейін тұңғыш президенттің сайлауалды штабы негізінде құрылған. Сол жылы 1 наурызда Алматыда өткен алғашқы съезге түрлі ұлт өкілдерінен құралған 400-ге тарта делегат қатысты. Бір қызығы, олардың негізгі бөлігі кәсіби саясаткерлер емес, қарапайым бюджеттік мекеме қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер еді.
Алғашында «Отан» деген атаумен тіркелген ұйым тез арада Парламент Мәжілісіндегі ең үлкен фракцияға айналды. Біртіндеп билік бір қолға шоғырланып, «Отанның» құрамына Аграрлық, Азаматтық, сондай-ақ Дариға Назарбаева басқарған «Асар» сияқты бірнеше провласттық партиялар бірікті. Ал 2006 жылы желтоқсандағы кезектен тыс съезде ол «Нұр Отан» болып өзгерді.
Қоғам бұл ұйымға әртүрлі баға беріп келді. Назарбаевты қолдайтындар оны тұрақтылық пен реформалардың кепілі десе, тәуелсіз сарапшылар сайлау кезінде әкімшілік ресурстарды асыра пайдаланды, саяси монополия орнатты және шамадан тыс бюрократияға жол берді деп сынады.
Нағыз тарихи бұрылыс 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін болды. Кең ауқымды наразылықтардан соң Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағалығын Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткізіп берді. 2022 жылы 1 наурызда ұйым «Аманат» болып ребрендинг жасады. Бұл қоғамда ескі жүйеден алшақтау талпынысы ретінде қабылданды. Кейін мемлекет басшысы барлық саяси күштерге тең дәрежеде қарау үшін партия қатарынан шығып, оның тізгінін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановқа табыстаған еді.
«Әділет» қалай құрылды?
«Аманатты» өз құрамына қосып алғалы отырған «Әділет» – су жаңа партия. Оны құру процесі биылғы 15 сәуірде басталды. Бастамашыл топ өздерін «Тәуелсіздік ұрпақтарының партиясы» әрі Тоқаевтың стратегиялық бағытының басты тірегіміз деп таныстырды.
7 мамырда Астанада өткен съезде делегаттар ұйымның атауы мен жарғысын бекітті. Партия төрағасы болып оған дейін Президент әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай бірауыздан сайланды. Саяси кеңес құрамына танымал қоғам қайраткерлері, ірі кәсіпкерлер, сарапшылар мен жастар қозғалысының көшбасшылары кірді. Партия идеологиясы әділдік, заң үстемдігі, парасат пен прагматизмге негізделген.
Ең қызығы, «Әділет» рекордтық мерзімде мемлекеттік тіркеуден өтті. Бастамашыл топ өтініш берген соң небәрі 32 жұмыс күні ішінде 1 маусымда Әділет министрлігі оларды ресми түрде тіркеді. Партия мүшелерінің саны да өте жылдам өскен. Мамырдағы съезде 9,5 мың жақтасы бар делінсе, маусымдағы тіркеу кезінде олардың қатары 126 мыңнан асып кеткен.
Соңғы жаңалықтар