Ет пен сүт бар, балық пен жеміс жоқ: Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі қандай деңгейде
Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайлар мен логистикалық іркілістер аясында азық-түлік қауіпсіздігі басты мәселеге айналған тұста, Қазақстан негізгі жеті өнімнің бесуімен өзін толық қамтамасыз етіп отыр. Бұл туралы Energyprom.kz сарапшылары хабарлады.
Геттинген және Эдинбург университеттерінің 2025 жылы жарияланған Nature Food зерттеуіне сәйкес әлемдегі 186 елдің ішінде тек Гайана мемлекеті ғана өзін азық-түліктің барлық жеті түрімен толық қамтамасыз ете алады. Бұл негізгі тізімге жеміс-жидек, көкөніс, сүт, балық, ет, бұршақ пен жаңғақтар, сондай-ақ крахмал қосылған өнімдер кіреді. Ал Қытай мен Вьетнам сүт өнімдерінен басқа алты санат бойынша қажеттілікті өтеп отырған болса, Ауғанстан, Ирак, Йемен және БАӘ сияқты елдер бірде-бір санат бойынша ішкі сұранысты қанағаттандыра алмайтын болып шықты. Зерттеушілердің мәліметінше, Қазақстан Ресей, Австралия, Испания және көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан сияқты елдермен бірге бес өнім түрі бойынша ішкі нарықты толық жауып отырған мемлекеттер қатарына енген.
Орталық Азия елдерінің жағдайы біршама тұрақты көрінгенімен, олардың ешқайсысы толық дербестікке қол жеткізбеген. Аймақтағы барлық мемлекеттер көкөніс, сүт және ет өнімдері бойынша өз-өзін асырай алса, балық өндірісі барлық елде 20%-ға да жетпейді. Қазақстан бұршақ, жаңғақ және крахмалды өнімдермен сұранысты жапқанымен, жеміс-жидек бойынша көрсеткіш 20%-дан аспай отыр. Өзбекстан жеміс пен крахмал өнімдері бойынша ішкі сұранысты толық жапса, Қырғызстан бұршақ пен жаңғаққа деген қажеттілікті өтеп отыр. Түрікменстанда жеміспен қамту деңгейі толық көрсеткішке жақындаса, Тәжікстан аймақ бойынша ең төменгі нәтиже көрсеткен. Дегенмен сарапшылар Орталық Азия елдері өзара сауда-саттық арқылы балықтан басқа алты өнім түрі бойынша бір-бірінің қажеттілігін оңай өтей алатынын алға тартады.
Ұлттық статистика бюросының биылғы қаңтар мен сәуір айларындағы мәліметіне сүйенсек, Қазақстандағы азық-түлікпен қамту деңгейі әртүрлі санаттар бойынша біркелкі емес. Мәселен жалпы ет өнімдері бойынша ішкі нарық 87,6%-ға қамтылса, мал майының 95,5%-ы шетелден келеді. Сондай-ақ өңделген және консервіленген балық өнімдерінің жартысына жуығы ғана өзімізде шығарылады. Есесіне ұн 99,4%-ға, жұмыртқа 96,8%-ға және жарма өнімдері 93,5%-ға қамтамасыз етіліп, тұрақты жоғары көрсеткіштерді көрсетіп отыр. Ең осал тұстардың қатарында өңделген жеміс-жидек пен көкөніс бар, олардың ішкі өндірістегі үлесі небәрі 14-16% төңірегінде қалып отыр. Сарапшылар тұрақсыз әлемдік логистика жағдайында елдің өз өндірісін көршілермен сауда байланыстары арқылы толықтыруы бүкіл аймақ үшін тиімді екенін түйіндеді.
Соңғы жаңалықтар