Шалқардағы қанды төбелес: ауылдасын өлтірген студент 9 жылға сотталды

24.09.2026 • 23:21 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Шалқардағы қанды төбелес: ауылдасын өлтірген студент 9 жылға сотталды
440
Әлихан Жәнібеков. Фото: әлеуметтік желіден

Шалқарда 17 жастағы Әлихан Жәнібековті өлтірген студент 9 жылға сотталды. Прокурор 8 жыл жаза сұраса, марқұмның отбасы 20 жылға бас бостандығынан айыруды талап еткен. Сотталушы кінәсін мойындамай, пышақты қорғану үшін алғанын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Істі Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Оқиға кезінде сотталушы мен марқұмның екеуі де 17 жаста болған. Оралдағы жоғары оқу орындарының бірінде бірінші курста оқыған жігіт сот басталғанша 18-ге толған.

Іс материалдарына сүйенсек, биыл наурыздың ортасында Шалқардың «Маяк» және «Рабочий» шағын аудандарындағы 2008 және 2010 жылы туған балалар арасында кикілжің болған. Сол жолы «Маяктың» балалары жарақат алғанын естіген студент елге қайтқан.

2026 жылғы 19 наурызда сағат 20:00 шамасында ол анасының көлігімен компьютер клубына, кейін дүкен маңына барған. Айыптау тарапының мәліметінше, көлікті рұқсатсыз алған, жүргізуші куәлігі де болмаған. Өзімен бірге аңшылық пышағын алып жүрген.

Жігіт «Маяктың» балаларын көлігіне отырғызып, «Рабочийдің» балаларын іздеуге шыққан. Жолда кездескендерді тоқтатып, олар туралы сұраған.

Сағат 23:00 шамасында бір үйдің маңында тұрған топтың қасына тағы бір көлік тоқтаған. Одан түскендер жанжал шығармауды сұрағанымен, жастар арасындағы сөз таласы өрши түскен.

Іс материалдарында Әлихан мен сотталушының сөйлесіп, кейін топтан бөлініп шыққаны жазылған. Көліктен үш-төрт метр жерге барғанда екеуі сөзге келіп қалған. Тергеу дерегінше, сотталушы Әлиханның сол жақ кеудесіне бір рет пышақ сұғып, қашып кеткен. Кейін көлік жөндеу бекетіне жасырынған.

Әлихан оқиға орнында көз жұмған. Сот-медициналық сараптама оның сол жақ өкпе артериясы зақымданып, көп қан жоғалтқанын анықтаған.

Жарыссөзде прокурор 8 жыл жаза сұрады. Судья Алтынбек Сабыров сотталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 9 және 14-тармақтары бойынша кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. 

Марқұмның отбасы берген азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды. Әкесі Жәнібек Әлимановқа 2,3 миллион теңге материалдық шығын, 15 миллион теңге моральдық өтемақы және өкіл көмегіне жұмсалған 1 миллион теңге өндірілмек. Анасы Рауан Ниязмағамбетоваға да 15 миллион теңге моральдық өтемақы тағайындалды.

Сот полиция жұмысына қатысты жекеше қаулы шығарды. Судьяның айтуынша, екі топ арасындағы кикілжіңге қарамастан, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен құқықбұзушылықтың алдын алу жұмысы жеткіліксіз жүргізілген. Жасөспірімдер түнде ата-анасының қарауынсыз жүрген, кәмелетке толмаған сотталушы көлікті заңсыз басқарған, алайда полиция шара қолданбаған.

Үкімнен кейін екі тарап жанжалдасып қалды. Сотталған жігіттің туыстары шешімге қарсы болса, Әлиханның отбасы жазаны аз деп санайды.

«Біз 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған едік. Бірақ қылмысты кәмелетке толмай жасағаны ескерілді», деді марқұмның анасы.

Әлихан отбасындағы үш баланың ортаншысы болған. Анасының айтуынша, ақкөңіл, достарына сыйлы ұлы ақ көйлек киіп, мемлекеттік қызметші болуды армандаған.

«Ол арманына жете алмады», деді Рауан Ниязмағамбетова.

Сотталған жігіт бір жыл бұрын Шалқардың басқа тұрғынын ұрғаны үшін жауапқа тартылған. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий