Балалар үйінің тәрбиеленушісін қорқытып, ақшасын алмақ болған екі ер адам сотталды

24.09.2026 • 23:27 Қарақат АСЫЛОВА
Балалар үйінің тәрбиеленушісін қорқытып, ақшасын алмақ болған екі ер адам сотталды
261
Фото: Egemen Qazaqstan

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі балалар үйінің тәрбиеленушісінен ақша талап етіп, қорқытқан екі ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Politico.kz.

Сотта анықталғандай, 2025 жылдың тамызында сотталушылардың бірі жәбірленушіден ақша беруді талап етіп, оны қорқытқан. Кейін екі ер адам оны бірнеше рет «Отбасы банкінің» бөлімшесіне апарып, шотынан 3 млн теңге шешіп алуға әрекет жасаған. Алайда қажетті анықтама болмағандықтан, банк операцияны орындамаған.

Бұдан кейін сотталушылардың бірі жәбірленушіге телефонын ломбардқа өткізіп, ақша алуды ұсынған. Ол бұған келіспеген соң, ер адамдар қайтадан қорқытып, смартфонын тартып алған. Телефонның құны 189 мың теңге болған.

Сотта ер адамдардың кінәсі өздерінің берген жауаптарымен, жәбірленушінің және куәгерлердің сөздерімен, сондай-ақ іс материалдарымен дәлелденді.

Прокурор әрқайсысына 4 жыл 6 айдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал сотталушылардың қорғаушылары оларды бас бостандығынан айырмауды өтінген.

Сот екі ер адамның да жасаған ісіне өкінгенін және олардың бірінің кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерді. Бұл ретте ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Нәтижесінде сот екі сотталушыны да 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Войдите, чтобы оставить комментарий