FlyArystan рейсінде жолаушы стюардессаны ұрып, бомба барын хабарлады
13 қаңтарда FlyArystan әуе компаниясының Астана – Өскемен бағытындағы рейсінде төтенше жағдай орын алды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ұшақ салонында жолаушыларды санау кезінде жолаушылардың бірі кенеттен стюардессаны ішінен ұрып жіберген. Авиакомпанияның мәліметінше, жолаушының бұған дейін тәртіп бұзғаны байқалмаған. Оқиғадан кейін полиция (ЛОВД) және әуе компаниясының авиациялық қауіпсіздік қызметі шақырылды.
Құжаттарды тексеру кезінде жолаушы бомба барын айтып, жалған ақпарат таратқан. Осыдан кейін кинологиялық қызмет шақырылып, барлық жолаушылар ұшақтан түсірілді. Ұшақ толықтай тексеріліп, жарылғыш заттар мен тыйым салынған заттар табылмады.
Стюардессаны тексеру үшін медициналық қызмет шақырылды.
FlyArystan әуе компаниясы тәртіп бұзушы жолаушыларға нөлдік төзімділік саясатын ұстанып, тәртіпсіздік жасаған жолаушыға қатаң шаралар қолданылатынын мәлімдеді.
Тасымалдау полиция департаментінің мәліметінше, "Бұзақылық" және "Терроризм актісі туралы жалған хабарлама" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.