«Атыраулық хакер» Дубайға неге тайып тұрды: ол сотта бар шындықты жайып салды

«Атыраулық хакер» Дубайға неге тайып тұрды: ол сотта бар шындықты жайып салды
Фото: ашық дереккөз

Желіде «атыраулық хакер» лақап атымен танылған күдікті сот залында журналист Жанар Молдашоваға эксклюзивті сұхбат беріп, қарызға қалай кіргенін және елден неліктен кетуге мәжбүр болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Алаяқтық бабымен айыпталып жатқан азамат бастапқыда 100 млн теңгеге жеткен берешегін 13 млн теңгеге дейін қысқартқанын алға тартты.

Сотталушы өзіне тағылған айыпқа қатысты пікір білдіріп, инвесторлардан тартылған қаражатты толықтай жобаны дамытуға жұмсағанын жеткізді. Оның сөзінше, барлық заңды рәсімдер сақталып, ЖШС арқылы қаржылық есеп жүргізілген. Алайда 2024 жылы олардың IT-өнімін өзге компания көшіріп алып, өз атынан таныстырғаннан кейін стартап күйреген.

«Егер қаражатты қалтама басып, қашып кетсем, мен нағыз алаяқ болар едім. Бірақ мен ЖШС тіркеп, ресми есеп жүргіздім, барлық міндеттемені орындадым. 2024 жылы Цифрлық даму министрлігі Атырауға келгенде, өзге бір компания біздің әзірлемемізді көшіріп алып, мемлекетке өз жобасы ретінде ұсынды. Бұл факті ашық айтылды. Осы оқиғадан соң жобамыз тоқтап, шығынды өз мойныма алуға тура келді. Инвесторлар түсіністік танытпағандықтан, 100 миллион теңгедей қарызға баттым. Оны өтеу үшін мейрамхана ашқан едім, ол да шығынға батырды. 2025 жылы үстімнен қылмыстық іс қозғалған соң Дубайға кетуге тура келді. Шетелде жүріп жұмыс істеп, қарызды жауып, оны қазіргі айыпта көрсетілген 13 миллион теңгеге дейін азайттым», – деді айыпталушы.

Осылайша, ол кәсіп ашу арқылы берешегін қайтармақ болғанымен, жағдай одан әрі күрделене түскенін, ал қарыздың негізгі бөлігін шетелде тапқан табысымен өтегенін жеткізді.

Сотқа қатысқан журналист Жанар Молдашова бұл іске қатысты өз пікірін білдіріп, бюджет қаржысын талан-таражға салғандардың неге осылай ұстап әкелмейтініне қынжылды.

«Интерполмен желкелеп жеткізгенге 200-300 млн. теңге қарызы бар деп ойлап едім. Кеше сот процесіне барып 13 млн. теңге екенін естідім. Оның 9 млн. теңгесін қайтарыпты. «Енді 4 млн.теңге қалды» дейді. Ал, Жангелдин трагедиясындағы шу болған хронологиясына қатысты ешқандай айып тағылмаған. Қазына қаржысын тонағандарды осылай неге ұстай алмаймыз» – деп жазды ол. 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу