Израиль–Иран қақтығысы қазақстандықтарға қалай әсер етті?

Израиль–Иран қақтығысы қазақстандықтарға қалай әсер етті?
Кез келген егеменді мемлекеттің сыртқы саясатына ұлттық мүдде мен қоғамдық пікір ықпал етеді. Әсіресе әлемде қақтығыстар өршіген кезеңде бұл екі фактордың өзара байланысы ерекше байқалады. Мысалы, Қазақстанның сыртқы саясатына Ресей–Украина, Израиль–ХАМАС (Палестина) және жақында аяқталған Израиль–Иран арасындағы қарулы жанжал әсер етті.
Бұл қақтығыстардың Қазақстанға ықпалы әркелкі болды. Оған географиялық алшақтық, тарихи-мәдени сабақтастық деңгейі және діни факторлар түрткі болды.
Қазақстандықтар Израиль–Иран қақтығысына бейтарап көзқарас танытты
2025 жылы 13 маусымда Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс басталды. Прокси соғыс сипатына ие болған бұл жанжал ұзаққа созылған жоқ. 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп екі ел арасындағы қақтығыстың тоқтағанын жариялады. Осылайша, 12 күнге созылған соғыс аяқталды. Бұл жанжалда Израиль–АҚШ тандемі Ираннан басым түсті.
Қақтығыстың басталуына Иранның ядролық бағдарламасы себеп болды. Ең алдымен, Израиль ядролық нысандарға соққы берді. Кейін, 22 маусымда АҚШ соғысқа араласып, Иранның үш стратегиялық нысанын жойды.
Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қазақстан бейтарап ұстанымда қалды. 13 маусымда ҚР Сыртқы істер министрлігі қақтығысты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес, саяси-дипломатиялық жолмен жедел шешуді қолдайтынын мәлімдеді.
Ал 22 маусымда АҚШ-тың әскери араласуына қатысты Астана тарапынан кеңірек мәлімдеме жасалды. СІМ Қазақстанның Каспий маңы елдерінің бірі екенін және Иранмен көпсалалы ынтымақтастық орнатқанын атап өтті. Бұл мәлімдемеде АҚШ-тың әскери қимылдары қақтығысты ушықтырып, Қазақстанның ұлттық мүддесіне теріс әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылық білдірілді. Қазақстанның ресми ұстанымы бойынша, бұл жанжалға қатысушы тараптар ядролық қаруды таратпау қағидатын ұстанатын мемлекеттердің қауіпсіздігіне кепілдік беруі тиіс.
Аталған мәселеде қазақстандықтардың пікірі ұлттық мүддемен үйлесім тапты. Бұл әлеуметтік желілер мен ақпараттық кеңістіктегі талқылаулардан аңғарылды. Қоғамдық пікір де ресми саясат сияқты бейтарап сипатта болды.
Алайда қазақтілді және орыстілді аудиторияда пікірталас ерекшелігі байқалды. Қазақтілді сегментте Ирандағы қазақ диаспорасын елге көшіру жөнінде ұсыныстар айтылды. Дегенмен бұл бастама жаппай қоғамдық пікірге айналған жоқ. Ал орыстілді ортада сарапшылар негізінен экономикалық аспектілерді талқылады. Саясаттанушылар мен экономистер соғыс салдарынан мұнай бағасының көтерілуі Қазақстан үшін белгілі бір деңгейде пайдалы болуы мүмкін екенін атап өтті.
Қазақстан халқының Израиль–Иран қақтығысына бейтарап қарауы тарихи-мәдени және діни алшақтықпен түсіндіріледі. Иран негізінен шииттік ел, ал Қазақстанда сунниттік бағыт кең тараған. Географиялық тұрғыда бұл қақтығыстың бізге ықпалы болмады, себебі екі елдің арасын Каспий теңізі бөліп жатыр.
Соғыс жалғасқанда Қазақстанға ықпалы қандай болар еді?
Иран көптеген жылдар бойы Батыс елдерінің санкциялары жағдайында өмір сүріп келеді. Бұл санкциялардың басым көпшілігін АҚШ енгізген. Олар Иранның мұнай-газ, қаржы, авиация, технология және басқа да салаларына шектеу қояды. Сонымен қатар, «екінші деңгейлі» санкциялар арқылы Иранмен жұмыс істейтін үшінші елдерге де қысым көрсетіледі.
Бұл шектеулердің Қазақстан үшін тиімді әрі тиімсіз тұстары бар. Иранмен толыққанды сауда-экономикалық және көлік-логистикалық байланыс орната алмау – айқын кемшілік. Екінші жағынан, егер Иранға салынған санкциялар алынса, ол Қазақстан секілді мұнай экспорттайтын елге бәсекелеске айналады. Бұл жағынан алғанда, Иранға қарсы санкциялар Қазақстан үшін пайдалы, себебі мұнай бағасының өсуі бюджетке қосымша табыс әкеледі.
Алайда прокси соғыс ауқымды қақтығысқа ұласса, оның жағымсыз салдары да болар еді. Ирандағы гуманитарлық дағдарыстың ушығуы – босқындар легінің пайда болуына алып келуі ықтимал.
Палестиналықтарға жанашырлық танытылды
ХАМАС (Палестина) мәселесінде діни фактор қазақстандықтардың реакциясына айтарлықтай ықпал етті. Бұл түрлі қорларға қаржы жинау бастамаларынан анық көрінді. Мысалы, қылмыстық іс қозғалған «Biz Birgemiz» қоры да Палестинаға гуманитарлық көмек жинаумен айналысқан.
Діни себептерден бөлек, 2023 жылдан бастап әлеуметтік желілерде Израильдің әрекеттерін жағымсыз етіп көрсететін ақпарат ағыны жиілей түсті. Сонымен қатар, БҰҰ, ЕО сияқты халықаралық ұйымдар Израильдің шабуылдарын айыптады. Мұндай жаһандық реакциялар Қазақстанда палестиналықтарға деген жағымды қоғамдық пікір қалыптастырды.
Ресей–Украина қақтығысы қазақстандықтар үшін жақын әрі маңызды болды
Аталған үш жағдайдың ішінде ұлттық мүдде мен қоғамдық санаға ең елеулі әсер еткені Ресей мен Украина арасындағы соғыс.
Бұл қақтығыс бойынша ақпараттық кеңістіктегі пікір мен күнделікті тұрмыста айтылатын көзқарас арасында айырмашылық бар болуы мүмкін. Оффлайн пікірді дәл анықтау қиын, өйткені оған қатысты кешенді зерттеу жүргізілмеген. Дегенмен, Ресейдің әрекетін қолдайтындар да болуы ықтимал. Ал онлайн кеңістіктегі қоғамдық пікір Украинаны жақтайтыны анық байқалады. 2022 жылдан бері төмендегідей белгілер қалыптасты:
- «Бойкот мәдениеті». 2022 жылдан бастап қоғамда Ресейдің сыртқы саясатын қолдайтын эстрада жұлдыздарының еліміздегі концерттеріне әлеуметтік желі арқылы бойкот жариялау үрдісі байқалды.
- Украинаға гуманитарлық көмек. 2023 жылдың қаңтарында қазақстандықтар Украинада «Мызғымас киіз үй» (юрта несокрушимости) орнатты.
- «Бессмертный полк» акциясына және Жеңіс күніне көзқарас өзгерді.
Осылайша, бұл қақтығысты қазақстандықтар жүрекпен қабылдады. Бұған тарихи-мәдени байланыс, географиялық жақындық пен болашаққа деген қауіп факторлары себеп болды.
Саясаттанушы Қыр баласы 2.0
Соңғы жаңалықтар





