PGL Astana 2026: Алғашқы ойын күні 7 мың көрермен жиналды
Астанадағы Barys Arena кешенінде Counter-Strike 2 ойынынан PGL Astana 2026 халықаралық турнирі басталып, алғашқы ойын күні 7000 көрермен жиналды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасаған Politico.kz.
Дүбірлі доданың жартылай финалына MOUZ, Team Spirit, Magic және Falcons командалары өтіп, жанкүйерлер тартысты ойынның куәсі болды. Трибунадағы халық тайлы-таяғымен жиналып, әсіресе қазақстандық киберспортшылардың өнеріне ерекше назар аударып, қызу қолдау көрсетті.
Турнир қонақтарының қатарында әлем чемпиондары Дәурен Қыстаубаев пен Габриель Толедо, FURIA Esports ойыншысы Даниил Голубенко, белгілі стример Слава Бустер және жүргізуші James Banks бар.

«Barys Arena кешеніндегі атмосфера керемет болды. Киберспорт төңірегінде мұндай үлкен қызығушылықты көптен бері көрмеппін. Трибуналарда ерекше энергия сезілді. Көрермендер командаларға қолдау білдіріп, ұрандап, әрбір раундқа шынайы жанкүйер болды. Осындай турнирге қатыса алғаныма қуаныштымын», – деді жанкүйерлердің бірі.
Бүгін, 16 мамырда ауқымды шараның екінші күні жалғасып жатыр. Жұртшылық сағат 15.00 және 19.00 шамасында басталатын шешуші матчтарды тамашалап, келесі кезеңге өтетін мықтыларды анықтайды. Ұйымдастырушылар мен сарапшылар мұндай халықаралық жарыстар елордада туризмді дамытуға үлкен септігін тигізетінін айтады. Шетелдік меймандар да қаланың заманауи инфрақұрылымы мен жастардың ойынға деген ынта-ықыласын жоғары бағалады.

«Астанада осындай ірі киберспорт турнирлерінің өтіп жатқаны қуантады. Көрермен көп, бәрі командаларға белсенді қолдау білдіріп жатыр. Атмосфера шынымен керемет», – деді турнирге келген тағы бір қонақ.
PGL Astana 2026 додасы 17 мамыр күні мәресіне жетіп, халықаралық жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлаған мықты команда белгілі болады.
Соңғы жаңалықтар