“Әкемнің мойнына барлық қарызды іліп қойды”: Sulpak негізін қалаушысының қызы мәлімдеме жасады

16.05.2026 15:50 Қарақат АСЫЛОВА
“Әкемнің мойнына барлық қарызды іліп қойды”: Sulpak негізін қалаушысының қызы мәлімдеме жасады
257
Андрей Пактың қызы серіктестерін айыптады

Қазақстандық танымал Sulpak сауда желісінің айналасында дау қайта ушықты, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ulysmedia.kz-ке сілтемемен.

Компанияның негізін қалаушылардың бірі Андрей Пактың қызы Светлана Пак әкесінің бизнестегі үлесінен еркінен тыс айырылғанын айтып, жаңа мәлімдеме жасады.

Оның сөзінше, 2009 жылы Андрей Пак Ресейдегі «Эльдорадо» желісінің иесі Игорь Яковлевпен келіссөз жүргізіп, Sulpak-ты дамыту үшін инвестор тартқан. Осы мақсатта Arena S компаниясы құрылған. Светлана Пактың айтуынша, дәл осы компания бүгінге дейін Sulpak бренді мен дүкендер желісіне иелік етеді.

Ол сондай-ақ кейіннен компания акционерлері қатарына Андрей Пак, Алмас Сұлтанғазин және Игорь Яковлевке қатысы бар құрылымдар кіргенін мәлімдеді. Көптеген мәселелер серіктестер арасында ресми құжатсыз, өзара сенім арқылы шешілген көрінеді.

Светлана Пак 2010 жылы құрылған GVARD компаниясы туралы да айтты. Оның сөзінше, компания 34 миллион доллар көлемінде несие алып, кепіл ретінде Андрей Пакқа тиесілі Arena S-тегі үлес қойылған. Ол дәл осы кезеңнен бастап әкесінің бизнестегі үлесін тартып алу процесі басталғанын алға тартты.

Сонымен қатар, 2011 жылы Андрей Пак ауыр сырқатқа шалдығып, Мәскеуге емделуге кеткеннен кейін серіктестер арасындағы қарым-қатынас нашарлаған. Светлана Пактың айтуынша, осы уақытта Алмас Сұлтанғазин байланысқа шықпай қойған және Arena S компаниясындағы акционерлер құрамы Андрей Пактың келісімінсіз өзгере бастаған.

Оның мәліметінше, кейін сот Алмас Сұлтанғазиннің несие бойынша кепілдіктерін жарамсыз деп танығанымен, барлық қаржылық міндеттемелер Андрей Пактың мойнында қалған. Ал 2013 жылы кәсіпкер компания қарыздары бойынша кепілгер ретінде іздеуге жарияланған.

Светлана Пактың пікірінше, осы оқиғалардан кейін әкесі Қазақстанға оралып, өз активтері үшін күресу мүмкіндігінен айырылған.

Войдите, чтобы оставить комментарий