Канада әуежайында да ұшақ апатқа ұшырады
Канадада Халифакс әуежайы сенбі күні кешке уақытша жабылды. CBC News жазуынша, Сент-Джонстан келе жатқан ұшақ қонып жатқанда қиындыққа тап болып, ұшу жолағында сырғанап, бір бөлігі өртеніп кеткен, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Ұшақ ішінен түсірілген оқиға болған сәттің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.
Жолаушылардың бірінің айтуынша, ұшақтың дөңгелектерінің бірі қону кезінде дұрыс жұмыс істемеген. Ұшақ солға қарай 20 градусқа қисайып, осы сәтте қанат жолмен сырғанаған. Сөйтіп, ұшақтың сол жағынан өрт шығып, терезелерден түтін кірген.
Ұшақта қанша адам болғаны әлі белгісіз.
Әуежай таратқан мәлімдемеде бұл оқиғаның Air Canada компаниясының 2259 рейсінде болғаны, оны PAL Airlines компаниясы орындағаны айтылған. Оқиға жергілікті уақытпен шамамен кешкі сағат 21:30-да болған.
Ұшақтың барлық жолаушысы аман-есен эвакуацияланған. Алдын ала мәлімет бойынша ұшақта 80-дей жолаушы болған.
Әуежай мәліметінше, ұшақ қонған ұшу жолағының бірі қайта ашылған.