Kaspi Gold картасының жылдық қызмет көрсету ақысы 10 000 теңге бола ма – банк не дейді
Желіде 2026 жылдың 31 наурызынан бастап Kaspi Gold картасына жылдық қызмет көрсету және қайта шығару құны 10 000 теңге болатыны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.
Онда Kaspi Gold картасы мен Kaspi Pay шоттары бойынша операция жүргізу ережелері мен тарифтері жаңаратыны айтылған. Оған шекті мәндерге қатысты құжат түсіндірмесі негіз болған.
Тараған ақпаратқа сәйкес, өзгерістер жылдық қызмет көрсету ақысына, аударымдар мен қолма-қол ақша шешу комиссияларына қатысты-мыс.
Онда картаны қайта шығару құны – 10 000 теңге; басқа банктердің карталарына аударым жасау – 5% (кемінде 200 теңге); белгіленген лимиттен тыс ақша толықтыру немесе үшінші тұлғалардан қаражат қабылдау және шешу – 5% комиссия болатыны, ал Kaspi Pay шотын ашу – 15 000 теңге; ай сайынғы қызмет көрсету ақысы – 15 000 теңге екені айтылған.
Осыған қатысты Kaspi.kz мәлімдеме жасап, тараған ақпаратты жоққа шығарды. Банк клиенттер мен серіктестер үшін тарифтер мен қызмет көрсету шарттары өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді.
«Интернетте Kaspi.kz тарифтері, атап айтқанда Kaspi Gold картасының жылдық қызмет көрсету және қайта шығару құны, Kaspi Pay шарттары және басқа банктердің карталарына аударым комиссиялары туралы өзгерді деген ақпарат пайда болды. Бұған Қазақстан заңнамасына сәйкес шекті мәндер көрсетілген жаңартылған тарифтер туралы заңдық құжаттың қате түсіндірмесі себеп болған. Егер қандай да бір өзгерістер болса, біз бұл туралы әрдайым алдын ала және ашық түрде хабарлаймыз», - делінген компания мәлімдемесінде.
Соңғы жаңалықтар