«Келешек ұрпаққа тек ақша қалдыру жеткіліксіз»: Тоқаев Ұлттық қор туралы айтты
Болашақ ұрпаққа банктегі ақша мен жиналған байлықты қалдыру жеткіліксіз. Оларға экономикасы қуатты, технологиясы дамыған, өмір сүруге қолайлы елді аманат ету керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық қордың міндетіне тоқталып, осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, Ұлттық қордың басты мақсаты – ел байлығын сақтау, оны көбейту және қазіргі әрі келешек ұрпақтың игілігіне жарату.
– Ұлттық қордың ең басты мақсаты, миссиясы – ел байлығын ұқыпты ұстау және одан әрі арттыру, сондай-ақ оны қазіргі және келешек ұрпақтың игілігіне жарату. Ұлттық қор көп жылдар бойы осы негізгі міндетті лайықты орындап келеді, яғни қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда, – деді Президент.
Алайда Тоқаев болашақ ұрпақтың қамын ойлау тек қаржы жинаумен шектелмеуі керек екенін айтты. Оның сөзінше, елдің ертеңі үшін маңызды мәселелерді қазірден бастап шешу қажет.
– Жас ұрпақтың игілігін ойласақ, бұл бағытта қазірден бастап нақты әрі батыл қадамдар жасауымыз керек. Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы. Кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осы ойын орыс тілінде де жалғастырып, келешек ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершіліктің мәнін түсіндірді.
– Болашақ ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілік оларға есепшоттағы ақшаны ғана қалдыру емес, мүлде жаңа ел құрып, табыстау деп нық сенемін. Ол технологиясы дамыған, экономикасы қуатты әрі бәсекеге қабілетті, инфрақұрылымы заманауи, халықтың тұрмыс деңгейі жоғары, әрбір азамат өз қабілетін жүзеге асыра алатын мемлекет болуы керек. Бұл – біздің басты міндетіміз, тіпті тарихи ауқымдағы миссиямыз, – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев мұндай өзгерістерді ел болашағына салынатын ұзақ мерзімді инвестиция деп атады.
– Бұл – адам капиталын дамытуға, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, яғни ел болашағына салынатын ұзақ мерзімге арналған инвестиция, – деді Президент.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
Соңғы жаңалықтар