Кеншілер күнінде «Қазақмыс» қызметкерлері марапат пен пәтерге ие болды
Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында Кеншілер мен байытушылар күніне орай 300-ден астам өндіріс жұмысшысы марапатталды. Салтанатты шара кезінде көпбалалы анаға үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Биылғы мерекелік жиын «Қазақмыс қазынасы» деген тақырыппен өтті. Басты идея – компанияның ең үлкен байлығы қарапайым еңбек адамдары екенін көрсету.
Жиынға Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов және компания акционері Нұрлан Артықбаев қатысты. Мерекені олармен бірге «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков пен Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі келіп тамашалады.
Шара барысында тау-кен, байыту және сервистік бөлімшелердің мамандарына құрмет көрсетілді. Оларға мемлекеттік және корпоративтік наградалар табысталды. Сала ардагерлері мен өндіріс озаттары «Еңбек ардагері» медалін, сондай-ақ «Кенші даңқы» мен «Еңбек даңқы» төсбелгілерін омырауға тақты. Бұл күні ең әсерлі сәттердің бірі баспана сыйлаумен байланысты болды. «Ұлытау қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының атынан көпбалалы анаға жаңа пәтер берілді.
Өңір басшысы кеншілердің ел экономикасындағы ауыр әрі жауапты жұмысына арнайы тоқталды.
«Ұлытау облысының кеншілері – нағыз еңбектің адамдары, өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы. Кеншілер күні – жер қойнауындағы қазынаны ел игілігіне айналдырып, экономиканың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген барша сала мамандарына құрмет көрсететін айтулы мереке. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылыми даналығы мен көрегендігінен бастау алған саланы жалғастырушы кеншілеріміз – күрделі де жауапты кәсіпті абыроймен атқарып жүрген білікті мамандар. Мемлекет басшысы атап өткендей, кеншілер – ел экономикасының берік тірегі, еңбегі ерен азаматтар», – деді Есет Байкен.
Бүгінде корпорация құрамында 34 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олар 14 кеніштің, 5 байыту фабрикасының және 2 мыс балқыту зауытының тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпорын мәліметінше, мұнда ұрпақ сабақтастығы жақсы сақталған. Қазірдің өзінде компанияда 103 еңбек әулеті қызмет етеді.
Алдағы уақытта жұмысшылардың қауіпсіздігіне қыруар қаржы бөлінбек. Мәселен, 2026 жылы еңбек жағдайын жақсартуға 16 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Бұдан бөлек Жезқазғанда жаңа күкірт қышқылы цехы салынып жатыр. Бұл нысан іске қосылғанда зиянды технологиялық газдардың 99%-ын ұстап қалуға мүмкіндік туады.
Өндірістегі осындай ауқымды көрсеткіштердің артында мыңдаған жұмысшының маңдай тері тұрғанын Бақылау кеңесінің төрағасы да растады.
«Компанияның басты байлығы – нысандардың ауқымы емес, адамдардың білімі, мінезі және жауапкершілігі. Ауқымды өндірістік көрсеткіштің артында мыңдаған ауысым, күрделі техникалық шешімдер мен күнделікті еңбек тәртібі тұр. Бүгінде мыс жасыл энергетикаға көшу үдерісіндегі маңызды металл болып табылады. Ол энергетика, көлік, байланыс, медицина және жаңа технологиялар салаларына қажет. Демек, сіздердің еңбектеріңіз кәсіпорындар мен компанияға қатысы бар өңірлердің дамуына ғана емес, тұтас елдің өркендеуіне ықпал етіп, болашақ экономиканың негізін қалыптастырады», – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Мерекелік шара соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен танымал әншілер кеншілерге арнап концерттік бағдарлама ұсынды.
Соңғы жаңалықтар