Кеншілер қауіпсіздігі үшін 8 млрд теңге бөлінді: Қазақмыс өндіріске жасанды интеллект енгізеді

15.04.2026 09:00 Арман Ермеков
Кеншілер қауіпсіздігі үшін 8 млрд теңге бөлінді: Қазақмыс өндіріске жасанды интеллект енгізеді
74
Фото: Қазақмыс

Қазақмыс корпорациясы 2026 жылға арналған ғылым мен цифрландыру жобаларына 8 млрд теңге қаражат бөліп, өндіріске жасанды интеллект енгізгелі жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Компанияның ғылыми кеңесі алдағы 3 жылдың стратегиясын талқылап, басты назарды жұмысшылардың қауіпсіздігі мен өндіріс тиімділігіне аударды. Бұл қомақты қаржы ғылым мен инновацияны дамытуға жұмсалады. Енді жекелеген бастамалар бірыңғай жүйеге бірігіп, кәсіпорын жұмысын тұрақты басқаруға жол ашады.

«Ғылымға ақша салу өндірістегі қауіпті азайтуға көмектеседі. Біз жасанды интеллектіні ең алдымен кеншілер мен байытушылардың еңбегін қауіпсіз әрі болжамды ету үшін енгізіп жатырмыз», – деді Қазақмыс корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.

Жаңа бағдарлама аясында байыту фабрикалары толық цифрлық жүйеге көшеді. Өндіріске машиналық көру технологиясы мен заманауи талдау құралдары орнатылады. Мұндай озық шешімдер жұмыс барысын нақты уақыт режимінде бақылауға, техникалық ауытқуларды дер кезінде анықтап, құрылғылардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге шикізат сапасы да тікелей қадағаланып, технологиялық операциялар әлдеқайда дәл орындалады.

Жерасты жұмыстарындағы апаттардың алдын алу үшін кеніштердегі газы көп учаскелер жіті зерттеліп, оны тазарту жолдары қарастырылады. Қоршаған ортаны қорғау мақсатында қалдықтарды азайту, концентратты сүзу кезінде ылғалды төмендету және техногендік шикізатты қайта өңдеу жобалары мақұлданды.

Кеңес барысында кейбір жобалар экономикалық тиімділігін нақтылау үшін қайта пысықтауға жіберілді. Бекітілген ғылыми жоспар компанияның өндірістік қауіпсіздігін нығайтып, болашақта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болмақ.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий