Түркияда туристік автобус эвакуатормен соқтығысты: 11 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алды

12.10.2026 • 17:01 Мөлдір ҚАЙНАР
Түркияда туристік автобус эвакуатормен соқтығысты: 11 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алды
82
Фото: видеодан скриншот

Түркияның Маниса провинциясындағы Измир – Ыстанбұл тасжолында туристер мінген автобус эвакуатормен соқтығысып, ірі жол апаты болды. Қайғылы оқиға салдарынан 11 адам қаза тауып, тағы 27 адам түрлі жарақат алды. Жарақаттанғандардың бірінің жағдайы өте ауыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Апат Бурса қаласынан Памуккале термалды қайнарларына бағыт алған автобустың қатысуымен болған. Желіде тараған бейнежазбалардан автобустың жол қиылысынан өтіп кетіп, артқа қарай шегінбек болған сәтінде артынан келген эвакуатордың келіп соғылғаны байқалады.

«Оқиға орнына жедел медициналық және құтқару бригадалары жіберіліп, зардап шеккен азаматтар дереу ауруханаларға жеткізілді. Апаттан 11 адам мерт болып, 27-сі түрлі жарақат алды» деп мәлімдеді Маниса губернаторының кеңсесінен.

Қайғылы жағдайға байланысты Ахисар Бас прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастап, іске үш прокурор тартылды. Жол-көлік оқиғасына себепкер болған автобус жүргізушісі, оның көлікті басқарған қосалқы жүргізушісі, көлік иесі және эвакуатор жүргізушісі қамауға алынды.

Түркиялық БАҚ қаза тапқандардың тізімін олардың азаматтығын көрсетпей жариялады, әзірге қайтыс болғандар мен зардап шеккендер арасында шетелдіктердің бар-жоғы нақтыланбаған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий