«Кезекті ақшаға жылжытқан»: «Отбасы банктің» қызметкерлері тергеуге ілікті

10.08.2026 16:37 Әсел МҰРАТ
«Кезекті ақшаға жылжытқан»: «Отбасы банктің» қызметкерлері тергеуге ілікті
226
Фото: ашық дереккөз

«Отбасы банк» өз қызметкерлерінің клиенттер мен делдалдардың мәселесін шешіп, тұрғын үй кезегін жылжытуға көмектескені үшін заңсыз сыйақы алған бірнеше жағдайды анықтады, деп хабарлайды Politico.kz

Банк бұл фактілерді жасырмай, құқық қорғау органдарына хабарлаған. Қазір аталған деректер бойынша бірнеше қылмыстық іс тергеліп жатыр

Банк есебінде заңсыз сыйақы алу фактілері 2025 жылы анықталғаны айтылған. Кейбір қызметкерлер клиенттерден бөлек, риелторлар, нотариустар мен жеке сот орындаушыларының мәселелерін шешуге ықпал еткені үшін ақша алған.

Есепте қызметкерлердің тұрғын үй кезегін жылжыту және белгілі бір тұлғалардың мүддесін ілгерілету үшін заңсыз сыйақы алғаны көрсетілген.

Сонымен қатар банктің филиалдарының бірінде несие рәсімдеуге қатысты заңбұзушылық анықталған. Қызметкер несие алуға ниетті азаматтардың табысын әдейі жоғары көрсетіп, жалған анықтамалар дайындаған. Бұл құжаттар олардың төлем қабілетін растау үшін несие өтінімдеріне тіркелген.

Аталған заңбұзушылықтарға қатысы бар қызметкерлердің барлығы жұмыстан шығарылған. Банк олармен еңбек шартын «сенімнен айырылуына байланысты» бұзған.

Жиналған материалдар құқық қорғау органдарына жолданып, тиісті тергеу жұмыстары басталған.

Войдите, чтобы оставить комментарий