Көкшетауда адамды басып кеткен келіншектің күйеуіне рақымшылық жасалды

29.07.2026 14:46 Қарақат АСЫЛОВА
Көкшетауда адамды басып кеткен келіншектің күйеуіне рақымшылық жасалды
283
Фото: Бейнеден алынған скрин

Ақмола облысының полиция департаменті Көкшетау қаласында жүргізуші куәлігі жоқ әйеліне көлік тізгінін беріп, адам өліміне әкеп соққан жол апатына себепкер болған ер адамға қатысты қылмыстық іс рақымшылық актісі негізінде тоқтатылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ведомствоның мәліметінше, қайғылы жағдайдан кейін көлік иесіне қатысты тергеу "басқару құқығы жоқ адамға рөлді табыстау" бабы бойынша жеке өндіріске алынған.

«Көлік құралының иесіне қатысты қылмыстық іс бөлек өндіріске алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 349-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша тергелді, ал сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 3-тармағы негізінде, яғни рақымшылық актісін қолдануға байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалдық шешім қабылданды», – деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ал жол апатына кінәлі әйелге қатысты сот отырысы 23 маусымда Көкшетау қалалық сотында өтіп, оған абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзғаны үшін 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын. Алайда сотталушының тәрбиесінде кәмелетке толмаған екі баласының болуына байланысты заң талаптарына сәйкес оның жазасын өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды. Өз жауабында келіншек жолдасының денсаулығы күрт нашарлап кеткендіктен, оның рұқсатымен көлік жүргізуге мәжбүр болғанын түсіндірген.

Еске сала кетейік, қоғамда резонанс тудырған оқиға биыл 9 мамырда Көкшетаудағы көлік тұрақтарының бірінде болған еді. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған кадрлардан кроссовердің аулаға бұрылып кіреберісте жаяу жүргіншіні қағып кетіп, үстінен басып өткені көрінеді, ал ауыр жарақат алған 52 жастағы әйел кейінірек ауруханада көз жұмды. Белгілі болғандай, марқұм 12 жасар баланы жалғыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана екен.

Войдите, чтобы оставить комментарий