Көкжайлау: экотуризм мен экономиканың түйіскен нүктесі

Алматы – Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның таулы інжу-маржаны. Қаланың етегінде созылып жатқан Іле Алатауы — көздің жауын алатын әсем көріністерімен ғана емес, туризмді дамытудағы зор әлеуетімен де ерекшеленеді. Осы мүмкіндікті тиімді әрі ұтымды пайдалану үшін Қазақстан Үкіметі ауқымды жобаны қолға алды. Оның жүрегі — Көкжайлау шатқалы.
Жақында премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтегі баспасөз мәслихатында Алматы таулы кластерін дамыту туралы мәлімдеме жасап, бұл жоба елдің туристік келбетін түбегейлі өзгертетінін айтты. Оның сөзінше, Алматының айналасындағы таулар — жаһандық деңгейде сирек кездесетін табиғи байлық. Ал оны туризм үшін дұрыс пайдаланбау – стратегиялық ысырап.
Алматы таулары – біздің үлкен байлығымыз және мақтанышымыз. Мұндай әдемі таулар, мұндай қар әлемде санаулы ғана жерде бар. Бұл әлеуетті пайдаланбау – үлкен ысырап. Сондықтан біз Алматы таулы кластерін дамытамыз, – деді премьер-министр.
Көкжайлау қайда орналасқан және неге маңызды?
Көкжайлау — Алматыдан небәрі 10 шақырым жерде, Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарының арасында, Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағында орналасқан көркем табиғи аймақ. Биіктігі 1450–1800 метр аралығында орналасқан бұл шатқал — қала тұрғындары үшін табиғат аясында демалудың ең танымал бағыттарының бірі.
Көкжайлау флора мен фаунаның байлығымен ерекшеленеді. Мұнда Қызыл кітапқа енген жануарлар – қар барысы, Тянь-Шань қоңыр аюы мекендейді. Ал өсімдіктер әлемінде Сиверс алмасы мен Алатау шафраны сияқты сирек түрлер өседі. Сондықтан бұл аймақ тек туризм емес, экологиялық маңызы жоғары табиғи қорық ретінде де құнды.
Жобаның ауқымы: неден басталады, қалай дамиды?
Олжас Бектенов атап өткендей жоба 2025 жылы басталады. Алғашқы кезеңде:
- Тау шаңғысы трассалары,
- Аспалы жолдар (гондолалар),
- Жаяу жүргінші және велосипед жолдары,
- Қауіпсіздік және санитарлық инфрақұрылым,
- Экобақылау пункттері,
- Ақпараттық бағыттау жүйелері салынады.
Ал келесі кезеңдерде қонақ үйлер, экотуристік лагерьлер (глэмпинг), қызмет көрсету орталықтары, демалыс және спорт алаңдары бой көтереді.
Жалпы жоба 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асады. Құрылыс жұмыстары қатаң экологиялық талаптар негізінде жүргізіледі. Бұл бастама мемлекеттік-жекеменшік әріптестік моделі бойынша іске асады, яғни мемлекет инфрақұрылымның негізін қаласа, жеке сектор туристік қызметтерді ұсынады.
Жұмыс орындары мен экономикалық серпіліс
Көкжайлау жобасы – тек туристік бағыт емес, аймақтық экономикаға серпін беретін жүйелі қадам. Жоспарға сәйкес:
- Алғашқы кезеңде кемінде 5 000 адам тұрақты жұмысқа тартылады;
- Қызмет көрсету, көлік, құрылыс, логистика, қауіпсіздік салаларында жаңа жұмыс орындары ашылады;
- Кейін бұл көрсеткіш 10 000-нан астам адамға дейін өсуі мүмкін;
- Туризмнің жанама әсері арқылы шағын және орта бизнес дамып, салық түсімі артады.
Алматыға қазіргі таңда жылына шамамен 2,3 миллион турист келеді. Жоба толық жүзеге асқанда бұл көрсеткіш 7,5 миллионға дейін өседі деп күтілуде. Бұл – Қазақстан туризмінің жаңа белесі.
Алматы Superski кластері: Көкжайлау – басты хаб
Қазақстан Үкіметі ұсынған Almaty Superski жобасы — Алматы өңірін Орталық Азиядағы жетекші тау туризмі орталығына айналдыруды көздейтін ауқымды бастама. Бұл — ел тарихындағы ең ірі тау-шаңғы инфрақұрылымын дамыту жобасы болмақ.
Superski кластері – бұл бірнеше тау бағыттарын біріктіретін, біртұтас туристік экожүйе. Жобаның архитектурасы бойынша, барлық трассалар, арқан жолдары, қызмет көрсету нысандары өзара байланысты болады. Бұл — келушілердің бірнеше күн бойы әртүрлі шатқалдарды аралап, үздіксіз туристік тәжірибе алуына мүмкіндік береді.
Соның ішінде Көкжайлау – кластердің географиялық және логистикалық өзегі болмақ. Көкжайлау шатқалы – кластердің дәл ортасында орналасып, Шымбұлақ пен Күмбел, Кіші Алматы және Үлкен Алматы шатқалдарын, Ой-Қарағай, Бутаковка, Пионер, Кімасар және Каскелен бағытын өзара байланыстырады.
Көкжайлау — бұл «таулы магистральдің торабы» іспетті. Сондықтан да ол жобаның логистикалық және туристік хабы ретінде таңдалды.
PGI Management басшысы (тау туризмі саласындағы жаһандық көшбасшы) Joan Viladomat былай дейді
Біздің мақсатымыз – Алматы маңындағы табиғи рельефті сақтай отырып, швейцариялық стандартқа сай көпкүндік туризмді жолға қою. Бұл жерде Көкжайлаудың рөлі ерекше, ол – бүкіл жүйенің діңгегі.
Жобаның толық жүзеге асу нәтижесінде:
- 65 км-ден астам тау шаңғысы трассалары (тек Көкжайлау – Күмбел бағытында);
- 227 км жалпы трассалар желісі (барлық кластер бойынша);
- 58 арқан жолы;
- 5 000-нан астам жатын орын;
- Күніне 34 000 турист қабылдау мүмкіндігі пайда болады.
Осы инфрақұрылымның негізгі бөлігі Көкжайлау арқылы өтеді.
Жаңа формат — бұл бір бағытпен шектелмейтін, әр күн сайын жаңа шатқалға шығатын көпкүндік маршруттар. Турист Шымбұлақтан бастап, Көкжайлау арқылы Күмбелге өтіп, одан әрі Пионер немесе Ой-Қарағайға жетуі мүмкін. Барлық бағыттар жалғыз билетпен, біріңғай басқару жүйесімен және бір карта арқылы жұмыс істейді.
Бұл тәсіл Алматыны Австрия, Швейцария, Франция секілді елдермен бір қатарға қойып, элиталық тау туризмі нарығына шығуына жол ашады.
Жоба иелері Көкжайлауды тек инфрақұрылым емес, жауапты туризмнің символына айналдыруды көздейді. Мұнда экобақылау жүйелері, жабайы табиғатқа қол сұқпайтын архитектура, саяхатшыларға арналған экологиялық тәрбие беретін орталықтар, "Жұмсақ туризм" бағыттары іске қосылады.
Осының бәрі Көкжайлауды табиғат пен туризмнің тепе-теңдік нүктесі ретінде көрсетеді.
Көкжайлау – Алматы Superski жобасының жүрегі. Ол — жаңа туристік дәуірдің символы ғана емес, жергілікті табиғатты сақтай отырып, тұрақты дамуға жол ашатын үлгі. Бұл жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда, Алматы тау туризмі әлемдік картада өз орнын нақты белгілейді. Ал Көкжайлау — сол жолдағы басты бағдар болмақ.
Экология және қоғамдық пікір
Көкжайлау жобасы бұрын бірнеше рет қоғамның қызу талқысына түсті. 2019 жылы қоғам мен экобелсенділердің талабымен президент Қасым –Жомарт Тоқаев бұл жобаны уақытша тоқтатып, шатқал аумағын қайтадан Іле-Алатау ұлттық паркінің құрамына енгізді.
Қазіргі жоба экология мәселесіне ерекше назар аударады. Премьер-министр жобаның ашық әрі жария түрде жүргізілетінін мәлімдеді. Экологиялық мониторинг, тәуелсіз аудит, табиғатқа тиетін әсерді бағалау – бұл жолы назардан тыс қалмайды.
Қазақстан тау шаңғысы қауымдастығының вице-президенті Асқар Валиев Көкжайлау жобасы ерекше назар аударуға лайық екенін атап өтті.
Ол экологиялық орнықты даму қағидаттарына, табиғи ресурстарды сауатты пайдалануға негізделген. Шымбұлақ пен Ой-Қарағай тау курорттарын біріктірейік, олардың арасында орналасқан шағын демалыс орындарының барлығын дамытайық. Біз Алматы тау кластерін, оның ішінде «Көк-Жайлау» жобасын дамытамыз, - деді ол.
Ал "Save Kok Zhailau" қозғалысының белсенді өкілі Азгар Жандосова жобаны бастамас бұрын, жоспарды жақсылап таныстыру қажет екенін айтты, бірақ экологиялық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтау идеясын қолдайтынын жеткізді.
Жоба бюджеті әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталса, әрі таза табиғатты сақтау үшін құрылған болса, ол – дұрыс бағыт, - деді ол.
Сонымен қатар, халықаралық экологиялық стандарттарға сай бақылау тетіктері енгізіледі. Бұл – Көкжайлау табиғатын сақтай отырып, тұрақты туризмді дамыту үшін жасалып отырған теңгерімді қадам.
Қорытынды
Көкжайлау жобасы — Қазақстанның туризм саласындағы ең ауқымды әрі амбициялы бастамалардың бірі. Бұл тек бір шатқалды дамыту емес, Алматыны Орталық Азиядағы ірі туристік орталыққа айналдыру жоспарының нақты көрінісі. Егер бұл бастама жоспарға сай, экологияға зиян келтірмей, ашық түрде жүзеге асса, онда Көкжайлау алдағы онжылдықта ел экономикасына да, халықаралық имиджіне де зор үлес қосатын болады.
Сонымен қатар, жоба маусымаралық туризмді қамтиды. Қысқы шаңғы және сноуборд трассаларынан бөлек, жазғы кезеңде велосипед және жаяу серуен жолдары, этно-отельдер мен глэмпингтер, экологиялық көлік жүйесі іске қосылады. Қоршаған ортаны қорғау үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және сандық экобақылау енгізіледі. Франция, АҚШ және Андоррадан тартылған халықаралық серіктестер жобаның тұрақты туризм талаптарына сай екенін мәлімдеп отыр. Мемлекет базалық инфрақұрылымды салып берсе, жеке сектор туризмді дамытпақ. Сарапшылардың есебінше, мемлекет салған әр доллар кемінде екі доллар жеке инвестиция тартуға жол ашады. Бұдан бөлек, Медеу аумағын абаттандыру, «Горельник» визит-орталығы, Jumbaq Jol атты жаяу жол және күніне 10 мың адам өткізе алатын аспалы көпір сынды ілеспе жобалар қатар жүзеге асуда. Мемлекет басшысы туризмді дамыту – ұлттық деңгейдегі шұғыл шешімді қажет ететін басым бағыт екенін айтқан болатын. Ал Көкжайлау осы стратегиялық міндетті орындауда басты рөл атқаратын жобаға айналып отыр.
Соңғы жаңалықтар





